Түркістан өңірі – агроөнеркәсіптік кешен бойынша республикада көшбасшы өлке

Түркістан өңірі – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда еліміз бойынша алдыңғы қатарда тұрған аймақ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы – ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс пен инфрақұрылым салаларындағы жүйелі ілгерілеудің нақты көрсеткіші.
Агросалада өңірдің әлеуеті зор. Түркістан облысы – жылыжай, жеміс-жидек, көкөніс, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде республикада көш бастап тұр. Егістік алқаптары ұлғайып, жаңа технологиялар енгізілуде. Су үнемдеу әдістері мен цифрлық шешімдер кеңінен қолданылып, ауыл еңбеккерлерінің жағдайы жақсарып келеді.
Еліміздегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Бұл – өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы жетекші орнын айқындайтын нақты көрсеткіш. Жыл сайын 1 трлн теңгеден астам өнім өндіріліп, ішкі нарықпен қатар шетелге де экспортталуда.
Су ресурстарының тапшылығы – ауыл шаруашылығын дамытудағы басты сын-тегеуріндердің бірі. Осы бағытта облыста кешенді шаралар қолға алынып, биылдың өзінде 46 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару жүйелері арқылы ағын су 1,5-2 есеге дейін үнемделіп, өнімділік 2,5-3 есеге артты.
Мұндай жетістіктер – ауыл еңбеккерлері мен су шаруашылығы мамандарының кәсібилігі мен жүйелі еңбегінің нәтижесі. Облыс әкімдігі тарапынан агроинновациялық жобаларға қолдау көрсетіліп, фермерлерге қажетті инфрақұрылым мен техникамен қамту жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысы алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, экологиялық әрі тиімді өндірісті дамыту арқылы аграрлық көшбасшы ретіндегі орнын нығайтуды көздеп отыр.
Елімізде 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні болса, ал 10 шілде Ветеринариялық қызметкерлері күні болып бекітілген. Осы ретте Түркістан облысында қос кәсіби мерекеге арналған іс-шара өтіп, еңбек адамдарына құрметке бөленді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров ветеринария саласының өкілдеріне заман талабына сай жабдықталған жаңа техникалардың кілтін тапсырып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Жалпы, биыл 85 көлік табысталды.
Салтанатты жиынға қатысқан өңір басшысы сала мамандарын құттықтады.
– Құрметті су шаруашылығы және ветеринария саласының қызметкерлері! Ардақты еңбек ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Сіздер секілді еңбек адамдарының беделін арттыру, қоғамға үлгі ету – дәстүрге айналып жатыр. Бүгінгі басқосуымыз да – осының дәлелі, – деген аймақ басшысы Нұралхан Оралбайұлы қауіпті індеттер мен зиянкестерге қарсы күрес барысындағы белсенді қызметтеріне алғыс білдіріп, төл мерекелерімен тағы да құттықтай келе, зор денсаулық, еңбекте табыс, ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тілеп, үздік су мамандары мен ветеринария өкілдеріне марапаттарды табыстады.
Бүгінгі таңда ветеринария саласы індеттердің алдын алу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында ілкімді істер атқарылуда. «Ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөз ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Себебі сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында індеттердің алдын алу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аталған шара барысында кәсіби мереке иелері ҚР Президентінің ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы», ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Құрмет грамотасы», Түркістан облысы әкімдігі және облыстық мәслихатының «Құрмет грамотасы», Грамотасына және Алғыс хаттарына, сондай-ақ өзге де марапаттарға ие болды. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетсек, өңірде су шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп жатыр. Көктемгі тасқын суларды ұстап, суару маусымына тиімді пайдалану үшін «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынып жатыр. Су нысандарын «Ислам даму банкі» қаржысын тарту есебінен қалпына келтіру жоспарланып отыр. Жалпы 25 су қойма, 1 су реттегіш, 269 каналды күрделі жөндеуден өткізу арқылы су нысандарының тозу көрсеткішін 76%-дан 50%-ға төмендету көзделіп отыр.