Жас ғалымдар жетістігі: Түркістанда наноспутник жобасы жүзеге асты

Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың жетістіктерін кеңінен насихаттау, жас зерттеушілерді қолдау және жоғары білім мен ғылым саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Өңірде жоғары оқу орындарының ғылыми кооперациясын нығайту, жас ғалымдар мен инженерлік бағыттағы мамандарды қолдау шаралары кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Осы бастамалардың жалғасы ретінде Түркістан қаласында оқушылар құрастырған «YasSat-2026» наноспутнигі алғаш рет сәтті ұшырылды. Ғылыми-технологиялық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған бастамалары аясында және 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануына орай жүзеге асырылды.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркістан қаласы Оқушылар сарайының 5 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «YasSat-2026: Түркістаннан ғарышқа қадам» жобасы өңір жастарының ғылым, инновация және технологияға деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының өкілі Айтнұр Мырзагелді, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, инженерлер, ата-аналар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген қонақтар жас өнертапқыштардың еңбегін жоғары бағалап, мұндай жобалардың елдің ғылыми-технологиялық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Түркістан қаласы Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы жобаның жастардың ғылыми әлеуетін арттырудағы рөліне тоқталды.
– «YasSat-2026» жобасы – оқушылардың ғылымға деген ынтасы мен ізденісінің нақты нәтижесі. Бұл бастама олардың инженерлік қабілетін дамытып, болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады, – деді ол.
Жобаға қатысқан оқушылар оқу жылы бойы 3D-модельдеу, микроконтроллерлерді бағдарламалау, сенсорлық жүйелерді құрастыру және тестілеу бағыттары бойынша арнайы дайындықтан өтті. Нәтижесінде олар ғылыми зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи наноспутник құрастырды.
Арнайы гелий газымен толтырылған аэростат арқылы ұшырылған «YasSat-2026» құрылғысы шамамен 10 000 метр биіктікке көтеріліп, жердегі қабылдау станциясына нақты уақыт режимінде ғылыми деректер жіберді. Спутник атмосфералық қысым, температура, ылғалдылық және ауа сапасы көрсеткіштерін тіркеп, фото және бейнетүсірілімдер жүргізді.
Жоба барысында жиналған ғылыми деректер алдағы уақытта оқушылардың зерттеу жұмыстарына негіз болып, республикалық және халықаралық ғылыми байқауларға қатысуына мүмкіндік береді.
Бұл бастама Түркістан өңірінде білім, ғылым және цифрлық технологияларды дамытуға серпін беріп, жас буынның инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.






