КЕНТАУДАҒЫ КӘСІПОРЫН ПЛАСТИК ҚАЛДЫҚТАРЫНАН ШИКІЗАТ ӨҢДЕУДЕ

Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда қалдықтарды өңдеу зауыттарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңірде экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, жаңа өндіріс орындары ашылып, экономиканың жаңа бағыттары дамып келеді.
Қазіргі таңда облыста 36 мекеме қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметін көрсетсе, 15 кәсіпорын қалдықтарды сұрыптаумен айналысады. Ал 5 кәсіпорын қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл көрсеткіштер өңірде «жасыл экономика» қағидаттарының кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын аңғартады.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне орай ұйымдастырылған пресс-тур аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Кентау қаласындағы «Қаратау Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын пластик қалдықтарды қайта өңдеу саласында өңірдегі маңызды өндіріс орындарының біріне айналған. Кәсіпорын басшысы Ұлықбек Рахымжанұлының айтуынша, мұнда тұрмыстық пластик қалдықтар мен пластикалық бөтелкелер сұрыпталып, арнайы технологиялар арқылы қайта өңделіп, өндірістік шикізатқа айналдырылады.
Жобаның жалпы құны 100 миллион теңгені құрайды. Жеке кәсіпкердің бастамасымен жүзеге асқан өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 1500 тоннаға жетеді. Бүгінде кәсіпорында 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қайта өңделген өнімдер ішкі нарықпен қатар Ресей Федерациясына экспортталады. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының экспорттық әлеуетін арттырып, өңір экономикасына қосымша кіріс әкелуге мүмкіндік беріп отыр.
Мұндай өндіріс орындарының маңызы тек экологиялық мәселелерді шешумен шектелмейді. Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме азайып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мүмкіндігі артады. Сонымен бірге жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына, кәсіпкерліктің дамуына және халықты жұмыспен қамтуға оң әсер етеді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында өнеркәсіп пен өңдеу секторын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде өңірде өндіріс орындарының саны артып, инвестициялық белсенділік күшейіп келеді. Қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жобалар экономиканы әртараптандыруға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.
Айта кетейік, «Түркістан облысын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған жоспары» аясында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру көрсеткіші бекітілген. Биыл облыс бойынша 87 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 27 мың тоннадан астамы қайта өңдеуге бағытталды. Нәтижесінде қайта өңдеу үлесі 31 пайызға жетіп, жоспарланған межеге қол жеткізілді. Алдағы кезеңде бұл көрсеткішті 33 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, өндірістік әлеуетін күшейтуге және инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.






