ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және қаржылық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте облыс әкімі Нұралхан Көшеров «ForteBank» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Қуанышевпен және банк филиалының өкілдерімен кездесіп, өңірдегі қаржы саласын дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Түркістан қаласында «ForteBank»-тің жаңа заманауи ғимаратын салу жобасы таныстырылды. Жоба өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлік ортаны дамытуға және халыққа көрсетілетін қаржылық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның бүгінде тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан іскерлік және инвестициялық хабқа айналғанын атап өтті.
Түркістан қаласы жыл сайын жаңа инвестициялық жобалармен толығып келеді. Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Сондықтан қаржы секторындағы мұндай жобалардың маңызы зор. Жаңа ғимарат тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін заманауи қызмет көрсету орталығына айналып, өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Жобаға сәйкес жаңа банк ғимараты 2 немесе 3 қабатты кешен түрінде салынады. Заманауи сәулет үлгісінде бой көтеретін нысан қала келбетіне сән беріп қана қоймай, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында кең автотұрақпен және заманауи сервистік шешімдермен жабдықталады.
Банк басшылығы құрылыс жұмыстарын жақын арада бастап, нысанды 7-8 ай ішінде пайдалануға беруді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта облыстың өзге аудан-қалаларында да филиалдар желісін кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.
Жаңа нысанның іске қосылуы өңірдегі шағын және орта бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Сондай-ақ тұрғындардың заманауи банктік және цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, қаржы нарығының дамуына серпін береді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан облысында инвестиция тарту көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді. Өңірде өндіріс, туризм, құрылыс, қызмет көрсету және қаржы салаларында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізуде.






