Түркістан облысы мен Қытай компаниялары арасында ынтымақтастық артады

Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастықтың ІІ форумы аясында Түркістан облысы мен Қытайдың бірқатар компаниялары арасында жалпы 5 ірі жобаны жүзеге асыру жөнінде өзара меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер өңір экономикасына тікелей инвестиция тартуға және өндірістік қуатты арттыруға серпін бермек.
Сондай-ақ, форум барысында Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл мәдени, экономикалық және туристік бағыттарда өзара әріптестікті кеңейтуге жол ашады. Екі күнге жалғасқан халықаралық шараға Қазақстанмен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қытай елдерінің ресми делегациялары, ірі бизнес қауымдастық өкілдері мен инвесторлар қатысты.
Шараның екінші күні «Қытай – Орталық Азия» Іскерлік кеңесінің Қытай тарапы басқармасының құрылтай жиналысы мен «Шэньси провинциясымен танысу» тақырыбындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясы өтті. Құрылтай отырысына Қытай халықаралық сауда палатасының екіжақты ынтымақтастық департаменті директоры, Іскерлік кеңес басқармасының Бас хатшысы Сюй Цзиньли модераторлық етті.
Аталған форум – Түркістан облысы үшін халықаралық инвестициялық байланысты нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндіктерін ашатын маңызды алаң болды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық тартымдылығына тоқталып, туристік әлеуеті туралы баяндады. Түркістан облысы тәжірибе алмасуға дайын екенін айтып, шетелдік инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
–Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат аясында елде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, экономиканы дамытуға, шетелдік және отандық инвесторлардың сенімін нығайтуға бағытталған бірқатар стратегиялық шаралар жүзеге асырылды. Бүгінгі шара – еліміз бен Қытай Халық Республикасы және Орталық Азия елдері арасындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылауға арналған тамаша алаң. Біздің өңір мен Орталық Азия елдері және Қытайдың өңірлері арасындағы ынтымақтастық географиялық тұрғыдан тиімді орналасуымен, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, логистика және энергетика салаларындағы әлеуетімен түрлі бағытта қарқынды дамып келеді. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы – түркі әлемінің мәдени астанасы және түркі халықтарының мұрасын сақтау жөніндегі маңызды орталық. Халқы 2,2 миллион адамды құрайтын облыстағы тұрғындардың 70%-дан астамы – жастар. Бұл өңірдің даму әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Түркістан облысы экономиканың түрлі салаларын дамытуға қолайлы климаттық жағдайларға ие. Өңірдің қолайлы ауа райы ауыл шаруашылығы мен күн энергетикасын дамытуға тамаша мүмкіндік береді. Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуеті – оның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық көлік дәліздеріне интеграциялануының негізгі факторларының бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы мен инфрақұрылымдық жобаларға байланысты өңір біртіндеп Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі логистикалық хабқа айналып келеді. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. 185 миллион халқы бар бұл бірлестік тауар, қызмет және капитал айналымының еркіндігін, сондай-ақ кедендік төлемдерден босатуды қамтамасыз етеді. Осыған орай, сіздерді көлік және логистика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруға шақырамын. Сіздерді Түркістан облысына келіп, өңіріміздің инвестициялық әлеуетімен танысуға шақырамын. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға үміт артамыз. Біз өз тарапымыздан бизнесін дамытуға ұмтылған барлық компанияларға толық қолдау көрсетуге дайын екенімізді сенімді түрде айтқым келеді және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа сенемін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Бүгінде Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдарына «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, 19 индустриалды аймақ пен шағын өнеркәсіптік парктер жатады.
Халықаралық форумның алғашқы күні 3 жобаны іске асыру бойынша меморандум жасалса, екінші күні Түркістан облысы әкімдігі 108 млн АҚШ долларын құрайтын 2 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облысының аумағында «Биотехнологиялық мал қалдықтарын қайта өңдеу» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба құны – 18 млн АҚШ доллары. Нәтижесінде, 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыруға қытайлық «Tangshan Huating Ceramics Co., Ltd.» компаниясымен келісім жасалды. Сонымен қатар Түркістан облысының аумағында «Қазақстан Республикасы Түркістан облысы Циндао индустриалды паркі» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаға 90 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады. Жоба аясында 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асыруға қытайлық «China Qingdao Wanlin Group» компаниясы қызығушылық танытты.
Бұдан басқа Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық туралы келісімге қол қойылды.
Сондайа-қ осы күні «Шэньси провинциясымен танысу» тақырыбындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жасалған келісімдер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізіп, инвестициялық әріптестік пен өңіраралық экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға жаңа серпін беретінін айтты. Инвесторларға құнды ақпараттар беріп, тәжірибе алмасуға шақырды.
Форум В2В форматындағы кездесулерге жалғасты. Онда келіссөздер жүргізіліп, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері сараланды.