Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістанда жаңа кітапхана ашылды

0
53

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістан қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының жаңа заманауи ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл айтулы шара өңірдің мәдени-рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, кітапхана тарихындағы жаңа кезеңнің бастауын білдірді. Биыл 65 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған кітапхана енді оқырмандарға заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік алып отыр.

Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, оқырмандар мен қала тұрғындары қатысты.

Өңір басшысы өз сөзінде кітапхананың қоғамдағы, әсіресе өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөліне тоқталып, оның балалардың білім мен тәрбие алуына, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруына зор ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар жаңа ғимараттың балалардың жан-жақты дамуына арналған заманауи рухани-мәдени орталыққа айналатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Нұралхан Оралбайұлы балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітапхананың алтын қорына 100 кітапты сыйға тартты. Бұл игі бастама өскелең ұрпақтың білім мен ғылымға деген ынтасын қолдаудың жарқын көрінісі болды.

Осы ретте Түркістан облысында ғылымды дамытуға, ғылымды кеңінен насихаттауға және отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен бірге жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру, жоғары білім беру жүйесін дамыту, өңірлік жоғары оқу орындарының әлеуетін арттыру және ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Ашылу салтанатында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та құттықтау сөз сөйлеп, кітапхананың жаңа ғимаратқа көшуі өңірдің рухани өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті. Ол ұжымға табыс, оқырмандарға мол рухани қазына тіледі.

Іс-шара аясында кітапхананың бай тарихы мен ұлттық руханияттағы орнын айшықтайтын арнайы кітап және инсталляциялық көрмелер ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар кітапхананың заманауи инфрақұрылымымен танысып, оқу залдары мен шығармашылық кеңістіктерді аралады.

Жаңа ғимараттың ашылуы – балалардың рухани және зияткерлік дамуына қолайлы жағдай жасауға, кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды бастама. Бұл орталық жас оқырмандардың сүйікті мекеніне айналып, олардың білімге деген қызығушылығын арттыруға қызмет етпек.

Жобаның жалпы құны – 481,336 млн теңге. Ғимараттың жалпы аумағы – 1065,3 шаршы метр. Кітапхана бір мезетте 100 оқырманға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 50-ден астам маман еңбек етеді.

Айта кетсек, бүгінде Түркістан облысында 390 кітапхана халыққа қызмет көрсетсе, ондағы жалпы кітап қоры 6 миллионнан асады. Ал бүгінгі ашылып отырған балалар кітапханасының қорында 226 403 дана құнды кітап сақталған. Мұнда әлемдік классика, заманауи балалар әдебиеті және электронды ресурстардың барлық мүмкіндіктері қамтылған. Өңірде мәдениет пен руханиятты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.  Өткен жылы облыста кітапханалармен қатар 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 мәдени нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтіліп отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу