ТҮРКІСТАНДА ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
62

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан облысында «Жарқын болашақ – бақытты баладан басталады» атты тақырыпта дарынды оқушылармен еркін форматтағы кездесу ұйымдастырылды.

Шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев халықаралық және республикалық деңгейдегі білім, ғылым, өнер және спорт додаларында жеңіске жеткен 40 оқушымен дөңгелек үстел форматында жүздесті.

Кездесу кезінде облыс әкімінің орынбасары жас таланттарды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктері тек өңірдің емес, тұтас елдің мақтанышы екенін атап өтті.

Ол өз сөзінде Түркістан өңірінің ежелден білім мен ғылымның, мәдениеттің ордасы екенін айтып, бүгінгі күні сол киелі өлкені әлемдік және республикалық деңгейде танытып жүрген жастарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, әкімдік тарапынан оқушылардың сапалы білім алып, өнер, спорт және ғылым салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізуі үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Жастардың ой-пікірі мен заманауи білім беру үрдістеріне көзқарасы маңызды екенін де ерекше атап өтті.

Сонымен қатар ол табысқа жетудің басты кілті – білім, үздіксіз ізденіс пен еңбекқорлық екенін айтып, уақытты тиімді пайдалану мен мақсатқа берік болудың маңызын еске салды. Ата-ананың батасын алудың, олардың үмітін ақтаудың да өмірлік бағыттағы үлкен рөл атқаратынын жеткізді. Жастарға денсаулықтың маңызын да атап өтіп, жарқын болашақ тіледі.

Еркін пікір алмасу барысында оқушылар өз жетістіктері мен болашақ жоспарларын ортаға салып, білім алу, кәсіби бағдар, көшбасшылық қабілеттерді дамыту және жеке даму жолдары туралы ой бөлісті. Ашық микрофон форматында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Кездесу аясында жасөспірімдердің ұсыныстары мен бастамалары тыңдалып, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар талқыланды. Мұндай еркін форматтағы кездесулердің жастардың білімге, ғылымға және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырудағы маңызы зор екені айтылды.

Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары дарынды оқушыларға сәттілік тілеп, олардың алдағы уақытта да биік жетістіктерге жетіп, ел дамуына үлес қосатын білікті азамат боларына сенім білдірді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу