ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ЖАҢАРТЫЛҒАН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Сауран ауданының Қарашық ауылдық округінде күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады.
1970 жылы бой көтерген мәдениет ошағы толық жаңғыртудан өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Жалпы аумағы 3094 шаршы метрді құрайтын нысанда 150 орындық көрермен залы, сахна және түрлі үйірмелерге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған.
Бүгінде мұнда көркемсөз, драма және хор бағытындағы үйірмелер жұмыс істейді. Ауыл жастары мен тұрғындарының өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған бұл жұмыстар мәдени өмірдің жандануына оң әсерін тигізуде.
Салтанатты жиында аудан әкімі мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың рухани сұранысын қамтамасыз ету, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Айта кету керек, Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып келеді. Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, білім, мәдениет және спорт нысандары жаңартылуда. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, өңірдің тұрақты дамуына серпін беруде.
Жаңартылған мәдениет үйі ауыл тұрғындарының басын қосатын маңызды рухани орталыққа айналып, өңірдің мәдени әлеуетін арттыруға қызмет етпек.






