ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕРДІ ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМГЕ СЕРПІН БЕРУДЕ

0
53

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және жергілікті халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі — Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында салынып жатқан өндірістік парктер.

Түркістан қаласындағы Бекзат мөлтек ауданында 20 гектар аумақта өндірістік парк құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында жалпы саны 26 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары үш кезең бойынша іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда алғашқы 5 нысан толық аяқталып, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Өндірістік парк аумағындағы жұмыстармен қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев танысып, жобаның іске асу барысын бағалады. Жоба шеңберінде жалпы құны 11,8 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық бастама жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында заманауи өлшеу құралдарын, құрылыс панельдерін, битум материалдарын, аккумуляторлар мен электронды схемаларды өндіру жобалары бар.

Жобалар толық іске қосылған жағдайда 600-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, өндірістік алаңдарға кәсіпорындарды орналастыру жұмыстары жалғасуда. Бұл өз кезегінде қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа өндіріс ошақтарының қалыптасуына мүмкіндік береді.

Осындай бастамалар Сайрам ауданында да қарқын алуда. Атап айтқанда, Ақбұлақ ауылдық округінде заманауи үлгідегі 5 өндірістік парктің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 900 млн теңгені құрайды. Өндірістік нысандардың жалпы аумағы 3 500 шаршы метрді қамтып, 1,9 гектар жер телімі бөлінген.

Жоба толық іске қосылған жағдайда 40-қа жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастама жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға және аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған.

Сайрам ауданындағы өндірістік парктер кәсіпкерлер үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастырып, түрлі бағыттағы өндірістерді орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңа технологияларды енгізуге, өнім көлемін арттыруға және бәсекеге қабілетті өндіріс қалыптастыруға жол ашады.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласы мен Сайрам ауданындағы өндірістік парктерді дамыту жобалары өңірдің индустриялық-инновациялық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу