Гүл шаруашылығын дамыту – өңір экономикасының жаңа бағыты

0
14

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары барысында раушан гүлдері өсірілетін ірі тұқымбақтардың бірінде болып, гүл шаруашылығындағы озық тәжірибелермен танысты. Сапар аясында раушан гүлдерін өсірудің заманауи технологиялары, оларды сұрыптау, күтіп-баптау, сақтау және ішкі әрі сыртқы нарыққа шығару бағытындағы жұмыстар көрсетілді.

Кездесу барысында гүл шаруашылығы саласындағы өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру және экспорттық әлеуетті күшейту мәселелері талқыланды. Өзбекстандағы табысты тәжірибелерді зерделеу Түркістан облысында осы саланы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Бүгінде гүл шаруашылығы ауыл шаруашылығының табысты әрі қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып саналады. Сондықтан шетелдік тәжірибені енгізу арқылы өңірде сапалы өнім өндіру көлемін арттыруға, жаңа технологияларды қолдануға және бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге мүмкіндік туады.

Бұл бастамалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсері зор. Атап айтқанда, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылады. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін беріліп, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ гүл өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндігінің кеңеюі өңір экономикасының дамуына, бюджет кірісінің артуына және аграрлық сектордың әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді. Осылайша, халықаралық тәжірибе алмасу Түркістан облысында гүл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің тұрақты экономикалық өсіміне негіз қалайды.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу