ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СПОРТТЫҚ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛУДЕ

Түркістан облысында соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып келеді. Ауылдық елді мекендерде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, спорттық және әлеуметтік нысандар салу, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар белсенді жүзеге асырылуда. Соның аясында Сауран ауданына қарасты Үшқайық елді мекенінде жаңа футбол және балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысандардың іске қосылуымен құттықтады.
Жоба аясында жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайтын футбол алаңшасы және 150 шаршы метрлік балалар ойын алаңы ел игілігіне тапсырылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт нысандары ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алаңша арнайы қоршаумен қоршалып, сапалы жасанды жабынмен жабдықталған. Ал балалар ойын алаңында қауіпсіздік талаптары толық сақталып, заманауи ойын құрылғылары орнатылған.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – өңір дамуының негізгі басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Одан бөлек, Жаңа Иқан ауылдық округінің Ибата елді мекенінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында 2339 дана электр бағанасы орнатылып, 57,6 шақырым электр желісі тартылуда. Сондай-ақ 18 трансформатор орнату жоспарланған. Нәтижесінде 1289 абонент тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Сапар барысында аудан әкімі Ибата елді мекенінде жаңа футбол және балалар ойын алаңшасының ашылу рәсіміне де қатысты. Аумағы 800 шаршы метрді құрайтын футбол алаңы мен 150 шаршы метрлік балалар ойын алаңы ел игілігіне берілді.
Бұл нысандар ауыл жастарының спортпен тұрақты шұғылдануына, балалардың белсенді демалысын ұйымдастыруына және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатынан кейін ауыл жастары арасында жолдастық футбол кездесуі ұйымдастырылып, тұрғындар жаңа алаңның игілігін алғашқылардың бірі болып пайдаланды






