Түркістан: Отырар ауданында білім мен ғылымды дамыту және рухани тәрбие сабақтастығы

0
11

Қазіргі таңда білім мен ғылымды дамыту – ел болашағын айқындайтын стратегиялық бағыттардың бірі. Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру, жоғары білім беру жүйесін жетілдіру және өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми кооперацияны күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар білім мен ғылымның өзара байланысын нығайтып, инновациялық ойлау қабілеті жоғары жас буынды қалыптастыруға жол ашуда.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің басты мақсаты – адал, жауапты, рухани бай және толерантты азамат тәрбиелеу. Бұл міндет тек пәндік біліммен шектелмей, оқушылардың ішкі мәдениетін, мінез-құлық дағдыларын, ұлттық құндылықтарға негізделген дүниетанымын қалыптастыруды талап етеді. Рухани-адамгершілік тәрбие, толеранттылықты дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру және экстремизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар білім беру ұйымдарында жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Адал азамат» тұжырымдамасы аясындағы тәрбие жұмыстары оқушының тұлғалық дамуына негіз болып отыр.

Қазіргі кезде саналы ұрпақ тәрбиесі – болашақтың ең қымбат құндылығы. Тәрбиеге жұмсалған әрбір күш-жігер мен уақыт – ел ертеңіне салынған маңызды инвестиция. «Ұрпақ болашағы – ұстаздан» деген қағидаға сәйкес, мектеп пен мұғалімнің қоғам алдындағы жауапкершілігі артып келеді. Әрбір білім ошағы тек оқу орны емес, сонымен қатар тұлға қалыптастыратын маңызды әлеуметтік институт ретінде қызмет атқаруда.

Осы бағытта Отырар ауданының  оқушылары білім мен ғылым сайыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 9–11 сынып оқушылары арасында өткен пәндік ауыл олимпиадасы бойынша республикаға 10 оқушы жолдама алып, олардың 6-уы жүлделі орын иеленді. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндері бойынша 2 оқушы республикалық кезеңге өтіп, 1 оқушы алғыс хатпен марапатталды. 7–8 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиадада да бірқатар жетістіктер тіркеліп, жекелеген оқушылар жүлделі орындар мен алғыс хаттарға ие болды.

«Алтын ұрпақ», «Жарқын болашақ», «Абайтану», «Менің шағын Отаным», «Алтын сақа», «Мәшһүр Жүсіп» сияқты зияткерлік байқауларда да оқушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңірдің білім деңгейінің артып келе жатқанын көрсетті. Мұғалімдер де республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, педагогикалық шеберліктің өскенін дәлелдеді.

Осы жетістіктердің барлығы жүйелі білім беру, сапалы тәрбие және ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегінің нәтижесі. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген Абай тағылымы бүгінгі білім жүйесінің негізгі ұстанымымен үндесіп отыр.

Сонымен қатар Отырар ауданында білім беру мен ғылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қасиетті Отырар – әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби туған мекен ретінде ғылым мен білімнің символына айналған. Өңірде ғылыми-зерттеу бағытындағы жобалар, өлкетану конференциялары және оқу үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Қорытындылай келе, Отырар ауданында білім мен ғылымды қатар дамыту, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру және жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінгі жетістік – ертеңгі кемел болашақтың берік негізі.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу