ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысында балық шаруашылығы өңір экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Саланы дамыту, кәсіпкерлерді қолдау және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен балық өсіру мәдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары облыстық басқарма, аудан және қала әкімдіктері, сондай-ақ балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерінің қатысуымен тұрақты жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысына сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Ал 2026 жылға межеленген көрсеткіш – 9 123 тонна.
Қазіргі таңда облыста балық өсірумен 184 шаруашылық айналысады. Сонымен қатар, 104 су айдыны тіркеліп, оның 74-і конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Бұл көрсеткіштер өңірде акваөсіру саласының кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын көрсетеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жануарлар дүниесін пайдалануға 86 рұқсат беріліп, 2 781 тонна балық аулауға мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 62,8 млн теңге көлемінде түсім түсті. Ауланған балық түрлерінің қатарында көксерке, сазан, дөңмаңдай, жайын, ақмарқа, мөңке, табан, торта, қылыш және жыланбас бар.
Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында 47 рұқсат рәсімделіп, 1 461,2 тонна балық аулауға лимит белгіленді. Осы кезеңде бюджетке 20,3 млн теңге көлемінде қаржы түсті.
Балық шаруашылығын дамыту және кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды қаржылай қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, 2026 жылға облыстық бюджеттен акваөсіру саласын субсидиялауға 500 млн теңге, ал республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар шығындарының бір бөлігін өтеуге 144 млн теңге қарастырылған.
Мемлекеттік қолдау шаралары агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы толықтай электронды форматта жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта өтінім қабылдау жұмыстары жалғасуда.
2025 жылы балық өсіруді дамытуға бағытталған субсидиялау аясында 42 өтінім мақұлданып, 500 млн теңге толық игерілді. Сонымен қатар, инвестициялық салымдар шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша 1 өтінім мақұлданып, 3,2 млн теңге төленді.
Айта кету қажет, басқарма тарапынан балық шаруашылығы саласына қатысты сот процестері мен тергеу істеріне бірінші немесе екінші тарап ретінде қатысу фактілері тіркелмеген.
Жалпы, Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кәсіпкерлікті қолдауға оң әсерін тигізуде.






