ТҮРКІСТАН: САУРАНДЫҚ ҰСТАЗДАР МЕН ОҚУШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТТІ

Сауран ауданы білім бөліміне қарасты «Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұстаздары мен оқушылары халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен конференцияларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Жапонияның Хиросима қаласында өткен The World Association of Lesson Studies (WALS 2025) халықаралық конференциясында білім саласындағы үздік зерттеулер таныстырылды. Аталған беделді жиында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Елубай Гүлсім Алтайқызы мен география пәні мұғалімі Арипжанова Айнур Жоянқызы өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынып, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар, жас зерттеушілер де жоғары жетістіктерімен қуантты. «Зерде» ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңінде қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ғылыми жобасын сәтті қорғаған 4-сынып оқушысы Жиренбай Елнұр Қуанышұлы ІІ орын иеленді. Жетекшісі – Солтанбаева Гүлнұр.
Робототехника саласында да мектеп оқушылары үздіктер қатарынан көрінді. Қазақстандағы Орталық Азияның ең ірі робототехника және STEM технологиялары фестивалі – FIRST Robotics Central Asia Championship–2026 аясында 6-сынып оқушылары Валиханов Юсуф, Валиханов Шахнур және Азимхан Шахрух жоғары нәтиже көрсетіп, марапатталды. Жетекшісі – Худайбергенов Акбар.
Айта кетейік, Түркістан облысында ғылымды насихаттау, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кеңінен дәріптеу, жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдау, жоғары білім мен өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл жетістіктер – өңірдегі білім мен ғылым саласына көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесі.






