Түркістан мен Ташкент арасында 19,3 млн долларлық келісімдер жасалды

0
13

«Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, өңіраралық экономикалық байланысты кеңейтуге және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Халқының саны 3 миллионнан асатын Ташкент облысы – Өзбекстан Республикасының экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерінің бірі. Облыс елдің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Аймақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және логистика салалары бойынша республикада жетекші орындардың бірін иеленеді. Өңірде металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өндірісі және машина жасау салалары қарқынды дамып келеді.

Ал Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары өңірлердің қатарына қосылды. Облыста өндіріс көлемі артып, ауыл шаруашылығы, туризм, шағын және орта бизнес салалары жүйелі түрде дамуда. Инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, шекаралас ынтымақтастықты дамыту арқылы экспорт көлемін ұлғайтып, өңір экономикасының әлеуетін арттыруға басымдық берілуде.

Өңіраралық қатынастарды нығайту жөніндегі Президент тапсырмасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаевпен бауырластық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат – өңіраралық қатынастарды дамытуда, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруда маңызды қадам.

Түркістан және Ташкент облыстары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және логистика салаларында жоғары әлеуетке ие стратегиялық маңызды өңірлер. Тараптар бизнеске қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және екі өңір кәсіпорындары арасындағы кооперацияны кеңейтуге ерекше назар аударды.

Келісімдерді жүзеге асыру шекаралас аумақтардың экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өзара инвестиция көлемін ұлғайтуға және бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

– Форумның маңызы зор. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Бүгінгі форум аясында мемлекет тарапынан бес меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар бизнес өкілдері арасында алты меморандум жасалды. Бұл келісімдер алдағы уақытта өз нәтижесін беріп, өзара тиімді серіктестікті дамытуға үлкен серпін береді. «Біз бауырлас елміз, бірге дамуымыз керек», – деген Президент екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Қазақ пен өзбек – тарихы, тілі, мәдениеті мен дәстүрі жақын халықтар. Сондықтан біз үшін барлық саладағы байланыс маңызды: экономика, сауда, білім, мәдениет, туризм және жастар ынтымақтастығы, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Түркістан және Ташкент облыстарының 200-ге жуық кәсіпкері қатысқан «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумында Түркістан облысының Жетісай, Қазығұрт, Сауран және Сарыағаш аудандарының әкімдері Ташкент облысының аудандарымен бауырластық туралы меморандумдарға қол қойды.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ташкент облысының кәсіпкерлерімен G2B кездесуін өткізіп, инвесторлармен жүздесті. Кездесу барысында жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Бизнес өкілдері ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларына қызығушылық танытып, өзара тиімді жобаларды талқылады.

Нәтижесінде жалпы құны 19,3 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Қазкрахмал» ЖШС Өзбекстанның «Right to Win» компаниясымен 5 млн доллар көлеміндегі меморандум жасасты. Осы келісім аясында компания жүгеріні терең өңдеу арқылы алынатын крахмал және сірне өнімдерін Өзбекстанға экспорттайды.

Ал «СПК Хамит» ЖШС Өзбекстанның «Bekbrend» компаниясымен 250 мың доллар көлеміндегі келісімге қол қойды. Келісім бойынша компания Өзбекстаннан жыл сайын тауарлы балық пен балық шабақтарын сатып алатын болады.

Сонымен қатар «Мясные продукция Туркестан» ЖШС Өзбекстанның «Xolima Shuhratu» компаниясымен 1 млн доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Тараптар Сауран ауданында сервистік мал сою бекеті мен ет өнімдерін қайта өңдейтін цехқа қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу жөнінде келісімге келді.

Қазығұрт ауданы әкімдігі «Imperial Nova Chemical» компаниясымен өңірде 5 млн долларлық инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандум жасасты. Компания аудан аумағында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ «Imputus Nova Chemicals» компаниясы «СП ООО Zhongtian Chemical» компаниясымен 8 млн долларлық жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойды. Жоба аясында Қазығұрт ауданында қазба байлықтарды өңдеуге арналған химиялық өнімдер шығаратын зауыт салу көзделуде.

Жалпы, форум аясында қабылданған келісімдер Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, өндіріс көлемін арттыруға, экспорт әлеуетін күшейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастамалар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, шекаралас өңірлердің тұрақты дамуына серпін береді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу