Түркістан: Қазығұрт жастары креатив пен тапқырлықта бақ сынады

Қазығұрт аудандық прокуратурасының, аудандық білім бөлімінің және Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында «Жастар – әлемді өзгертетін күш» атты жайдарман ойыны жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың бойындағы тапқырлық пен сахналық мәдениетті қалыптастыру, өзара достық қарым-қатынасты нығайту және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру. Сонымен қатар, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық белсенділігін күшейту және заңға құрмет сезімін қалыптастыру басты назарда болды.
Көңілді әрі тартысты өткен сайысқа ауданның білім беру ұйымдарынан құралған 9 команда қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар «Сәлемдесу», «Сұрақ-жауап» және «Бес жаңалық» кезеңдері бойынша өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әр команда өздерінің ерекше әзілдерімен, сахналық қойылымдарымен дараланып, тапқырлық пен креативтіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды «Дарын жастары» командасы (Дарын мектеп-интернаты) жеңіп алды. ІІ орын «Bulaq boys» командасына (Ащыбұлақ ЖББМ) бұйырса, ІІІ орынды «Алғыр жетілік» командасы (Т.Рысқұлов ЖББМ) иеленді.
Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша «Үздік ойыншы» аталымын Бақтияр Нұрасыл («Шаңырақ» командасы, Қ.Сәтпаев мектеп-лицейі) жеңіп алды. Ал «Үздік әзіл» номинациясы №11 санаториялық мектеп-интернатына табысталып, командаға 100 000 теңгелік сертификат берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазығұрт ауданында жастар саясатын дамытуға, олардың сапалы білім алып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына ерекше көңіл бөлінуде. Осындай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жастардың жан-жақты дамуына жол ашып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Себебі белсенді, білімді және шығармашыл жастар – елдің болашағы мен қоғамның қозғаушы күші. Жастардың бастамаларын қолдау арқылы ауданның қоғамдық тұрақтылығы нығайып, мәдени-рухани ортасы дами түсуде.
Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас буынның бойында отансүйгіштік, жауапкершілік және азаматтық белсенділік қасиеттерін қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.






