Түркістан облысы жартыжылдың нәтижесінде экономикалық көрсеткіш бойынша бірінші орынға шықты

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Өңірдің барлық негізгі салаларында өсім байқалып, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда бағыттарында көрсеткіштер артты.
Бұл жетістік Түркістан облысында аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларының рейтингтік жүйесі әзірленген болатын. Осы ретте әрбір мекемеге индикаторлар бекітіліп, әр тоқсан сайын нәтижесі шығарылып, тұрақты талқыланады. Нәтижесінде биылғы 6 айда облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 118%-ды құрап, өңір республикада бірінші орынға шықты.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде жартыжылдық қорытындылар сараланып, сондай-ақ облыс дамыту мен әрбір аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың индикаторлық көрсеткіштері талқыланды. Жиынға әкімдер мен басқарма басшылары қатысты.
Рейтингтік жүйе аясында соңғы орындардағы әкімдер мен бөлім басшыларының есептері тыңдалып, сын-ескертпелер айтылды. Облыс басшысы жұмысты жандандыруды және қойылған міндеттердің сапалы орындалуын тапсырды. Бұл тәсіл алдағы уақытта да облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуде басты құралдардың бірі болмақ.
– Облысты дамыту бағытында рейтнг жүйесі енгізілді. Әр тоқсан сайын алқа мәжілісін өткізіп, көрсеткіштерді талқылайтынымызды айтқан болатынмын. Сол арқылы аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары өз жұмыстарын, жоспарларын біледі. Бүгін алғашқы алқа мәжілісін өткізіп отырмыз. Жартыжылдықтағы көрсеткіштер сараланып, жоспарлар жасалады. Баяндамаларыңызда тапсырмаларды орындау жөнінде уәде бермей, оны қалай орындайтындарыңыз туралы айтыңыздар. Жалпылама сөз емес, нақты жоспар, нақты іс қажет. Баршаңызға белгілі, облысымызда 2024-2030 жылдарға экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша Жол картасы бекітілген болатын. Әсіресе, инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуына басымдық беріңіздер. Өндіріс орындарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілсін. Бекітілген Жол картамасы орындалмаған жағдайда жауапкершіліктеріңіз қаралатынын ескертемін. Үшінші тоқсан қорытындысымен бекітілген индикаторларды толық орындауды тапсырамын, – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.
Жиында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, аудан, қала әкімдіктерінің және басқармалардың қызметі тиімділігінің рейтингтік бағалауы бойынша есебі тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, барлық салалар бойынша межеге қол жеткізілген.
Басқарма басшысының айтуынша, барлық салаларда межеленген жоспарлар орындалған, ал әкімдік пен басқармалар жұмысының тиімділігі 9 блоктан тұратын 89 индикатор бойынша бағаланған. Оның ішінде 85 индикатор жартыжылдыққа жоспарланған, оның 79-ы аудан, қала әкімдерінің, ал 6-ы облыс деңгейінде есептеледі.
6 айдың қорытындысымен қалыптасқан рейтингті І тоқсандағы көрсеткішпен салыстыратын болсақ, Қазығұрт, Сайрам және Шардара аудандары рейтингте өздерінің индикаторларын жақсартып, оң нәтиже көрсеткен. Басқармалардың да көрсеткіштері сараланды. Төмен нәтиже көрсеткен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Оларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берілді.
Естеріңізге сала кетейік, жаржылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп өнім көлемі 723,3 млрд. теңгені құрап, 13,5%-ға өсті. Өсім негізінен өңдеу және тау-кен өнеркәсібі есебінен болды. Облыс экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығында өнім көлемі 253,9 млрд. теңгені құрап, өсім 104,7% деңгейінде қалыптасты. Өндірілген өнім бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 млрд. теңгені құрап, 25,1%-ға артты. Жыл басынан 438,5 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға тапсырылып, өсім 118,2% деңгейінде қалыптасты. Алдағы уақытта өңірді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.