ТҮРКІСТАНДА ИСЛАМ ИНСТИТУТЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІНЕ КУӘЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

0
54

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының алғашқы түлектеріне арналған салтанатты куәлік табыстау рәсімі өтті.

Шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы,  Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, түлектерге жылы лебізін білдірді.

Салтанатты жиында Бас мүфти сөз сөйлеп, имамдардың білімін жетілдіру – қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды факторы екенін атап өтті. Ол түлектерге ел бірлігі мен рухани құндылықтарды нығайту жолында аянбай қызмет етуге шақырды.

– Имам – халыққа бағыт-бағдар беретін рухани көшбасшы. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен біліктіліктеріңіз ел болашағы үшін аса маңызды, – деген Бас мүфти оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектерге арнайы куәліктерін табыстап, олардың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде Түркістан қаласының түркі әлеміндегі рухани маңызына тоқталып, бұл шаһардың ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны дәріптеудегі ерекше орнын атап өтті. Сонымен қатар ол бітіруші түлектердің алған білімдері қоғамдағы діни сауаттылықты арттыруға, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға және жастар тәрбиесіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Айта кетейік, аталған институтта имамдар діни білімдерін тереңдетіп қана қоймай, зайырлы қоғам талаптарына сай жұмыс жүргізу, діни сауаттылықты арттыру, жастармен жұмыс және теріс діни ағымдардың алдын алу бағыттары бойынша біліктіліктерін жетілдіреді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу