ЖЕТІСАЙ ҚАРБЫЗЫ ШЕТЕЛ НАРЫҒЫН БАҒЫНДЫРУДА

Түркістан облысы Жетісай ауданында бақша өнімдерін жинау науқаны қарқын алып, алғашқы қарбыздар еліміздің ірі қалаларымен қатар көршілес Ресей Федерациясының нарығына да экспортталуда.
Қазіргі таңда егістік алқаптарынан бір аптаның ішінде 200 тоннадан астам қарбыз жиналып, ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтілген. Ерте піскен өнімге сұраныстың жоғары болуы жергілікті шаруалардың табысын арттырып, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін айқындай түсуде.
Жетісай ауданы – Түркістан облысындағы аграрлық сектор қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Биыл ауданда шамамен 80 мың гектарға жуық суармалы жер игерілсе, оның 44 мың гектарына мақта, 17,1 мың гектарына бақша дақылдары, 7,5 мың гектарына дәндік жүгері, 3,7 мың гектарына көкөніс, ал 6,4 мың гектарына жоңышқа егілген.
Бақша өнімдерінің ішінде қарбыздың үлесі 3 мың гектарды құрап отыр. Көлем айтарлықтай өзгермегенімен, диқандар заманауи агротехнологияларды тиімді қолдану, су ресурстарын ұтымды пайдалану және агротехникалық талаптарды сақтау арқылы өнім сапасын арттыруға қол жеткізуде.
Нәтижесінде алғашқы өнім көлемі артып, экспорттық бағыттағы жеткізілімдер кеңеюде. Алдағы уақытта шаруалар өнім жинау қарқынын арттырып, сыртқы нарықтағы үлесті ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Бұл бастама өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етуде. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортқа шығуы валюта түсімін арттырып, жергілікті бюджет кірісін көбейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, маусымдық жұмыспен қамту деңгейі артуда. Ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің өсуі Жетісай ауданының ғана емес, тұтас Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, өңірдің экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге жол ашып отыр.
Айта кетейік, бақша өнімдерін сыртқы нарыққа шығару жұмыстары ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына серпін беріп, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.






