ТҮРКІСТАН МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ГУЙЧЖОУ ПРОВИНЦИЯСЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд. АҚШ долларына жетсе, оның ішінде Түркістан облысының үлесі 684,3 млн. АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы бағытта өңірде халықаралық ынтымақтастық артып келеді. Мұндай халықаралық ынтымақтастық Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсер етеді. Атап айтқанда, жаңа өндіріс орындарының ашылуына, тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне, экспорт көлемінің артуына және өңірге заманауи технологиялардың тартылуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар көлік-логистика, туризм және өнеркәсіп салаларының дамуы халықтың әл-ауқатын арттырып, Түркістан облысының халықаралық инвестициялық тартымдылығын күшейте түседі. Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытай Халық Республикасының Гуйчжоу провинциясынан келген ресми делегациямен кездесті. Делегацияны Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян бастап келді.
Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық әріптестікті нығайту, сауда-экономикалық байланысты кеңейту, цифрлық технологиялар, туризм, өндіріс және логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Қанат Қайыпбек өз сөзінде Түркістан облысының инвестициялық және транзиттік әлеуетіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, өңір шетелдік инвесторлар үшін қолайлы инфрақұрылыммен және мемлекеттік қолдау тетіктерімен қамтамасыз етілген.
– Түркістан облысы бүгінде халықаралық көлік-логистикалық бағыттардың тоғысқан нүктесіне айналып келеді. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалының басым бөлігі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі арқылы өтеді. Сонымен қатар өңір арқылы Орталық Азияны Ресей және Сібір аймағымен байланыстыратын маңызды теміржол желілері өтеді. Заманауи Түркістан халықаралық әуежайы жылына 3 миллионға дейін жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – өңір экономикасының дамуына, туризмнің артуына және халықаралық іскерлік байланыстың нығаюына үлкен серпін беретін факторлар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ кездесуде Түркістан облысында инвесторларға барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған 21 индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парктердің жұмыс істейтіні айтылды. Бұдан бөлек, жоғары технологиялық және терең өңдеу өндірістерін дамытуға бағытталған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды.
Өз кезегінде Гуйчжоу провинциясының өкілі Хун Цзян Түркістан қаласының қарқынды дамуы мен туристік әлеуетіне жоғары баға берді. Ол ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, білім және сауда салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп, қытайлық инвесторлардың өңірмен әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар екі өңір арасындағы байланысты одан әрі тереңдетудің маңызын атап өтті. Алдағы уақытта бауырластық туралы келісімге қол қою бастамасы көтеріліп, нақты жобалар бойынша жұмыстар жүргізілетін болды.






