ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркі экономикасына терең талдау жүргізіліп, әр аудан мен қаланың өндірістік және инвестициялық әлеуеті жан-жақты сараланған. Соның нәтижесінде 2025 жылы Түркістан облысының сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, 34,6 пайыз өсім көрсеткен. Экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға артып, 1,8 млрд АҚШ долларын құраған.
Импортты алмастыру бағытында 154 млн АҚШ долларына дейінгі өнімді өңір ішінде өндіруге мүмкіндік бары анықталып, жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында Түркістан қаласындағы жіп иіру фабрикасы, ламинат және қаптама материалдары өндірісі, Сауран ауданындағы тоңазытқыш зауыты, Шардарадағы крахмал өндірісі, Түлкібас ауданындағы сусын шығару кәсіпорны және Кентау қаласындағы газ қазандықтары өндірісі бар. Сонымен қатар жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 ірі жоба іске асырылу үстінде. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы, химия, жеңіл өнеркәсіп және терең өңдеу салаларын қамтиды. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда да ауқымды жұмыстар жүргізілуде: өндірістік алаңдарда мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік белсенділік артуда.
Түркістан қаласында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Байділдә Жылқышиев жүргізді. Отырысқа облыс әкімдігі өкілдері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және салалық мамандар қатысты. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы және өзекті қоғамдық мәселелер қаралды.
Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің даму басымдықтарына тоқталып, экономиканы әртараптандыру мен өндірістік әлеуетті арттырудың маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» сияқты бағдарламалар арқылы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бүгінгі таңда инфрақұрылым, ауыз су, газ, жол және электрмен қамту бағыттарында да оң өзгерістер бар. Ендігі басты міндет – өңірді өзін-өзі қамтамасыз ететін, терең өңдеу өнеркәсібі дамыған аймаққа айналдыру. Импортты алмастыру және өндірісті дамыту бағытында нақты жобалар іске асырылуда. Өндірістік алаңдар тек қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де ашылатын болады. Бұл – экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі, – деді облыс әкімі.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баяндама жасап, инвестиция тарту, өндірісті дамыту және экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Инвестициялық саясаттың нәтижесінде 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспар артығымен орындалды. Сонымен қатар өткен жылы 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Биыл өңірде 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ал 2026–2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жоба пулы қалыптастырылып, нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қоғамдық кеңес мүшелері өңірдегі даму қарқынына оң баға беріп, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ашықтық, қоғамдық бақылау және тиімді басқару тетіктерін күшейтудің маңызы айтылды.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар мен инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге ықпал етуде. Бұл өз кезегінде Түркістан облысын елдің қарқынды дамып келе жатқан, инвестициялық тартымды өңірлерінің біріне айналдырып отыр.






