ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ КЕҢЕЙТУДЕ

0
22

Түркістан және Ташкент облыстары арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту, инвестициялық әріптестікті кеңейту, сондай-ақ кәсіпкерлер арасындағы өзара тиімді кооперацияны дамыту мақсатында ұйымдастырылған бизнес-форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми делегация Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Ташкент облысында екі өңірдің кәсіпкерлері қатысатын «Шекарасыз ынтымақтастық» атты халықаралық бизнес-форум ұйымдастырылуда.

Форумға Түркістан облысынан өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін 50-ге жуық кәсіпкер қатысуда. Кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, экспорттық әлеуетті арттыру, логистикалық бағыттарды дамыту және шекара маңындағы экономикалық ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқылануда.

Іс-шара аясында екіжақты B2B форматындағы кездесулер өткізіліп, тараптар өз өнімдері мен жобаларын таныстыруда. Сонымен қатар өңірлердің инвестициялық мүмкіндіктері мен өндірістік әлеуеті кеңінен таныстырылмақ.

Мұндай халықаралық бастамалар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді. Атап айтқанда, экспорт көлемінің артуына, жаңа нарықтарға шығуға, кәсіпкерліктің дамуына және шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ шекаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюі өңірдегі өндіріс орындарының жүктемесін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді. Түркістан облысының Орталық Азиядағы транзиттік және экономикалық орталық ретіндегі рөлі одан әрі нығая түсуде.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу