ТҮРКІСТАНДА «SENAT OPEN» ШАХМАТ КУБОГЫНЫҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

0
147

Түркістан қаласында шахматтан «Senat Open» ІІІ ашық кубогының іріктеу кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Зияткерлік дода Түркістан облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының қолдауымен өткізілді.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім, мәдениет және денсаулық сақтау саласының мамандары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, қатысушыларды зияткерлік доданың басталуымен құттықтады.

– Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен және Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл турнир елімізде шахмат спортын дамытуға зор серпін беруде. Шахмат – тек спорт емес, ол терең ойлау мен стратегиялық шешім қабылдауға үйрететін зияткерлік өнер, – деді мәслихат төрағасы.

Сонымен қатар турнирдің негізгі мақсаты – шахматты кеңінен насихаттау, жастарды спортқа баулу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру екені атап өтілді.

Жарыс барысында қатысушылар түрлі санаттар бойынша өзара бақ сынап, үздіктер анықталды. Командалық есеп қорытындысы бойынша Қазығұрт ауданы І орынды иеленсе, Отырар ауданы ІІ орынға, Жетісай ауданы ІІІ орынға тұрақтады.

Сонымен қатар депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары, мәдениет және білім саласының өкілдері, денсаулық сақтау мамандары, ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері және әйелдер санаты бойынша үздіктер анықталып, арнайы марапаттарға ие болды.

Турнир аясында Түркістан облысының 17 ауданынан келген үздік қатысушылар марапатталып, жоғары нәтиже көрсеткен 35 шахматшыға арнайы сертификаттар табысталды.

Жарыстың жабылу салтанатында ұйымдастырушылар қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.

Айта кетейік, «Senat Open» турнирі үш кезеңнен тұрады. Өңірлік іріктеуден өткен үздік шахматшылар аймақаралық жартылай финалда бақ сынап, республикалық финалға жолдама алады.

Мұндай зияткерлік спорттық іс-шаралар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді. Атап айтқанда, өңірде интеллектуалды мәдениеттің дамуына, жастардың білім мен спортқа қызығушылығының артуына, адам капиталының сапасын көтеруге және қоғамдық белсенділіктің күшеюіне жол ашады. Сонымен қатар мұндай ауқымды шаралар Түркістанның республикалық және халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, туризм мен қызмет көрсету саласының дамуына жанама түрде серпін береді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу