Түркістан облысында өндірістік парктер экономикалық өсімнің драйверіне айналуда

Осы бағыттағы жұмыстар Сарыағаш ауданында да жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өндірістік парк аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысып, жобалардың орындалу барысын зерделеді. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы инвесторлар және мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, құрылыс нысандарының сапасы мен мерзімінде аяқталуы мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда өндірістік аймақта орналасқан бірқатар кәсіпкерлік нысандардың ғимараттарында сыртқы әрлеу және қаптау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар инфрақұрылымдық желілерді тарту және өндірістік алаңдарды толық қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда.
Жалпы, Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму бағыты өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі болып отыр. Өңірде арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтар арқылы инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, дайын өндірістік алаңдар ұсынылуда.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңгені, ал индустриялық аймақтарда 132,3 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жалпы аумағы 214 гектар болатын 25 шағын өндірістік алаң құрылып, онда 192 млрд теңгенің жобалары іске асырылуда. Бұл бастамалар нәтижесінде 5 218 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Бұдан бөлек, өңірдің барлық аудандарында жалпы саны 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұл шаралар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өндіріс көлемін арттыруға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және халықтың табысын өсіруге мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы алғанда, өндірістік парктерді дамыту өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды тетігі ретінде айқындалып, Түркістан облысының тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.






