ТҮЛКІБАСТЫҚ ТҮЛЕКТЕРІ МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА ТОҒЫЗЫНШЫ БАСПАНАНЫ ТАБЫСТАДЫ

Түркістан облысы Түлкібас ауданында қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісі тағы бір мәрте көрініс тапты. Т.Рысқұлов ауылы мектептерінің 2006 жылғы түлектері тоғыз жылдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр аясында баспанаға мұқтаж отбасыға жаңа үйдің кілтін табыстады.
Биылғы қайырымдылық шарасы аудан тұрғыны, үш баланың анасы Салтанат Тұрсынбайға арналды. Денсаулығына байланысты ауыр сынақты бастан өткерген жалғызбасты ана бүгінде жұмыссыз. Сонымен қатар оның үшінші перзенті ерекше күтімді қажет етеді. Осындай қиын жағдайда мектеп түлектерінің қолдау көрсетуі көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, адамгершілік пен бірліктің үлгісіне айналды.
Салтанатты баспана кілтін табыстау рәсіміне Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев қатысып, 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің ұйымшылдығы мен азаматтық жауапкершілігіне ризашылығын білдірді. Аудан әкімдігі атынан жаңа қоныс иелеріне арнайы сый-сияпат табысталып, игі іске атсалысқан азаматтар Алғыс хатпен марапатталды.
Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев және түлектердің ұстаздары сөз сөйлеп, шәкірттерінің елге жанашыр, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасқанына мақтаныштарын жеткізді.
Айта кетейік, Салтанат Тұрсынбай сырқаттанғанға дейін мектепте қызмет атқарған. Ол өзіне қолдау білдірген 2006 жылғы мектеп түлектеріне және қиын кезеңде жанынан табылған аудандық орталық аурухана ұжымына шынайы алғысын айтты.
Сонымен қатар Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында ілгерілету, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде жоғары білім беру сапасын арттыру, аймақтық жоғары оқу орындарын дамыту және ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
Түлкібастағы бұл игі бастама – қоғамдағы ынтымақ пен мейірімділіктің, туған жерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі.






