ҚАЗЫҒҰРТТА «БІЛІМІМ ОТАНЫМА!» ҰРАНЫМЕН СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ САЛТАНАТТЫ ШАРАСЫ ӨТТІ

0
15

Қазығұрт ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына арналған дәстүрлі «Білімім Отаныма!» ұранымен салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылар мен ұстаздардың бір жылдық еңбегі қорытындыланды.

Бұл күн – мектеп бітірушілер үшін ерекше толқынысқа толы сәт болып, мыңдаған оқушы алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қарақозы Әбдалиев ауылдық округіне қарасты «Еңбекші» жалпы білім беретін мектебінде өткен соңғы қоңырау салтанатына арнайы қатысып, ұстаздар қауымына алғыс айтып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Сондай-ақ биылғы оқу жылында жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздар мен оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.

– Сіздер өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрсыздар. Қай саланы таңдасаңыздар да, адал болыңыздар, елімізге, туған жерімізге аянбай еңбек етіңіздер. Білім – болашақтың кілті. Сондықтан алған білімдеріңізді биік мақсаттарға жету жолында тиімді пайдалана біліңіздер. Ұстаздарыңызды ұмытпай, олардың үмітін ақтаңыздар. Болашақтарыңыз жарқын болсын, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар аудан басшысы мектеп жанынан ашылған шахмат, робототехника және ғылыми бағыттағы үйірмелердің жұмысымен және мектеп мұражайымен танысты. Оқушылардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, білім беру ұйымының басшылығына оқу-тәрбие үдерісін одан әрі жетілдіруге қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

«Еңбекші» жалпы білім беретін мектебі – сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан ауданның үлгілі білім ордаларының бірі. Мектеп ұжымы жас ұрпақты заманауи талаптарға сай жан-жақты тұлға етіп қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Айта кетейік, Қазығұрт ауданы бойынша 79 мектепте 32 141 оқушы білім алуда. Оның ішінде 71 мемлекеттік мектепте – 31 283 оқушы, 5 жекеменшік мектепте – 858 оқушы, ал 2 дарынды балаларға арналған мектеп пен №11 санаторий типтес мектепте – 400 оқушы оқиды.

Биылғы оқу жылында 9-сыныпты – 2 680 оқушы, 11-сыныпты – 2 003 түлек тәмамдағалы отыр. Сонымен қатар «Алтын белгіге» үміткер – 105 оқушы, «Үздік аттестатқа» үміткер – 161 оқушы. Бұл көрсеткіштер ұстаздардың қажырлы еңбегі мен білім беру сапасының жүйелі түрде артып келе жатқанын айғақтайды.

 

Сонымен қатар Түркістан облысында білім беру саласы ғылыммен тығыз байланыста дамып келеді. Өңірде ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында кеңінен ілгерілету, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүйелі түрде іске асыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан бөлек, жоғары білім беру сапасын арттыру, өңірлік жоғары оқу орындарының әлеуетін күшейту және ғылыми инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылуда. Сондай-ақ ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы өзара кооперацияны нығайту, бірлескен ғылыми жобаларды дамыту және тәжірибе алмасу тетіктерін жетілдіру бағыттары да басымдыққа ие.

Бұл бастамалар жас түлектердің тек мектепте алған білімін жалғастырып қана қоймай, ғылым мен инновацияға бет бұруына жол ашатын маңызды фактор ретінде қарастырылуда.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу