ЖЕТІСАЙДА СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ: БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ТАНЫМАЛ ЕТУ БАҒЫТЫМЕН ҰШТАСҚАН ЖАҢА БЕЛЕС

0
11

Жетісай ауданында оқу жылының аяқталуын айшықтайтын ең жарқын мерекелердің бірі – соңғы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде аталып өтті. Мектеп қабырғасындағы ең қимас сәттердің бірі саналатын бұл күні мыңдаған түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.

Биылғы салтанатты іс-шаралар тек білім ордаларындағы дәстүрлі мереке ғана емес, сонымен қатар өңірде ғылымды танымал ету, білім сапасын арттыру және жас ұрпақты жаңа технологиялар мен зерттеушілік бағытқа бейімдеу бастамаларымен сабақтастыра ұйымдастырылды. Бұл – Түркістан облысында білім мен ғылымды біртұтас даму бағыты ретінде қарастырудың нақты көрінісі.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев, аудан әкімі Серік Мамытов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева Жетісай қаласындағы №6 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, түлектерге ақ жол тіледі.

Салтанат барысында спикерлер жас түлектерге тек сапалы білім алудың маңызын ғана емес, қазіргі заман талабына сай ғылыми ойлау қабілетін дамыту, цифрлық сауаттылық пен зерттеушілік дағдыларды меңгерудің өзектілігін атап өтті. Олар ұстаздардың білім мен тәрбие берудегі рөлінің айрықша екенін де ерекше жеткізді.

Аталмыш білім ұясын биыл 59 оқушы тәмамдаса, олардың 11-і «Алтын белгі», 16-сы «Үздік аттестат» үміткері атанып отыр. Сонымен қатар 193 оқушы бастауыш сыныпты аяқтаса, негізгі орта мектепті бітірген 162 оқушының 40-ы үздік нәтиже көрсеткен. Жаңа оқу жылында 170 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ.

Аудан көлеміндегі үздік білім ошақтарының бірі саналатын бұл мектеп-гимназия соңғы жылдары жоғары нәтижелерімен ерекшеленіп келеді. Соңғы бес жылда мектепті бітірген 354 түлектің 108-і «Алтын белгі», 81-і «Үздік аттестат» иегері атануы – білім сапасының тұрақты өсімін көрсетеді.

Жетісай ауданында жалпы білім беру жүйесі кең ауқымда қамтылған. Биыл 76 мемлекеттік мектепте, 1 негізгі орта мектепте және 11 жекеменшік мектепте жалпы саны 47 мыңнан астам оқушы білім алды. 11 мыңнан астам бітірушінің елеулі бөлігі келесі білім сатысына қадам басуда. Олардың ішінде жүздеген «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» үміткерлері бар.

Сонымен қатар өңірде білім беру саласын ғылыммен ұштастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың жетістіктерін кеңінен насихаттау, жас зерттеушілерді қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жоғары оқу орындарының дамуы мен олардың өзара ғылыми кооперациясын күшейту – өңірлік білім саясатының маңызды бөлігіне айналған.

Мамандардың пікірінше, мектеп түлектерін тек академиялық біліммен ғана емес, ғылыми ізденіске бейімдеу – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырудың басты жолы. Сондықтан соңғы қоңырау сияқты дәстүрлі шаралар бүгінгі күні тек қоштасу рәсімі емес, білім мен ғылымға бағытталған жаңа өмірлік ұстанымның бастауына айналып отыр.

Жетісайдағы биылғы соңғы қоңырау салтанаты да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде есте қалмақ.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу