«Сыңғырла, соңғы қоңырау – 2026»: Оқу жылы қорытындыланды

Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында кеңінен ілгерілету, сондай-ақ жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүйелі түрде іске асыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар өңірде жоғары білім беру сапасын арттыру, аймақтық жоғары оқу орындарының әлеуетін дамыту және ғылыми инфрақұрылымды нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
Ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы өзара кооперацияны күшейту, бірлескен ғылыми жобаларды дамыту және тәжірибе алмасу тетіктерін жетілдіру – өңірлік ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды бағыты ретінде айқындалған.
Бұл бастамалар Түркістан облысының білім мен ғылым саласын жаңа деңгейге көтеріп, жас буынның ғылыми ізденісіне жол ашуға және инновациялық дамуға серпін беруге бағытталған.
Осы білім мен ғылымды дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар аясында Түркістан қаласындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына арналған дәстүрлі «Сыңғырла, соңғы қоңырау – 2026» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылып, мерекелік жиындарда оқушылар мен ұстаздардың бір жылдық еңбегі қорытындыланды.
Оқу жылының аяқталуына арналған бұл шаралар білім ордалары үшін тек мереке ғана емес, сонымен қатар жеткен жетістіктерді саралап, жаңа мақсаттарға жол ашатын маңызды кезең ретінде өтті.
Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы Ж.Тәшенов атындағы №23 мектеп-лицейінде «Мектебім, саған мың алғыс!» атты мерекелік шараға қатысып, педагогтер қауымын, ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектерді оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Қала басшысы өз сөзінде білім – ел болашағының берік іргетасы екенін атап өтіп, жас ұрпаққа мемлекет тарапынан үлкен сенім артылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ түлектерге қай салада еңбек етсе де адалдық пен жауапкершілікті ту етіп, туған жердің дамуына үлес қосатын саналы әрі бәсекеге қабілетті азамат болуға тілектестік білдірді.
– Бүгінгі түлек – ертеңгі ел тірегі. Сіздердің сапалы білім алып, саналы тәрбиемен қалыптасуларыңыз – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының кепілі. Әрқайсыңыздың биік белестерді бағындырып, туған Түркістанның абыройын асқақтататын азамат болып қалыптасатындарыңызға сенімім мол, – деді қала әкімі.
Биыл Түркістан қаласы бойынша 59 772 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 3268 оқушы 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 2686 түлек қатысады. Сонымен қатар 243 оқушы «Алтын белгіге», 254 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып, білім сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті.
Айта кетейік, қаладағы барлық білім беру ұйымдарында өткен соңғы қоңырау салтанаты мазмұнды әрі тағылымды форматта ұйымдастырылды. Іс-шаралар барысында шәкірттердің ұстаздарға деген құрметі мен мектепке деген ыстық ықыласы айқын көрініс тауып, тәрбие сағаттарына ұласты.
Мерекелік жиындар аясында үздік оқушылар марапатталып, ата-аналар мен ұстаздарға алғыс білдірілді. Бұл күн түлектер үшін тек мектеппен қоштасу сәті ғана емес, жаңа өмір белесіне қадам басқан маңызды тарихи кезең ретінде есте қалды.






