300 МВТ ҚУАТТЫ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САЛЫНЫП ЖАТЫР: «ЖАСЫЛ» ЭНЕРГЕТИКАНЫ ДАМЫТУДАҒЫ ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА

Түркістан облысында қуаттылығы 300 МВт болатын фотоэлектрлік-энергия сақтау (ФЭС және ЭСЖ) жобасының алғашқы кезеңіне арналған қадалы іргетас құю салтанаты өтті. Бұл шара жобаның негізгі құрылыс кезеңіне ресми түрде көшкенін білдіреді.
Аталған іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, сондай-ақ инвесторлар, энергетика саласының өкілдері мен жауапты мекеме басшылары қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «жасыл» экономиканы дамыту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Былтыр желтоқсан айында осы жобаның іргетасын қалау рәсімін өткізген болатынбыз. Бүгін нақты құрылыс жұмыстары басталып отыр. Түркістан облысының табиғи-климаттық әлеуеті баламалы энергия көздерін дамытуға өте қолайлы. Бұл 300 МВт-тық күн электр станциясы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын күшейтіп қана қоймай, инвестициялық тартымдылығын да арттырады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Облыс басшысы жобаның жүзеге асуына Үкімет пен тиісті министрліктер тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын, сондай-ақ бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі екенін атап өтті.
Өз кезегінде «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй бұл кезеңнің Қытай мен Қазақстан арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықтың маңызды белесі екенін жеткізді. Компания алдағы уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ және басқа да серіктестермен бірлесе отырып, жобаны халықаралық стандарттарға сай жүзеге асыратынын мәлімдеді.
Сонымен қатар «Qazaq Green Power PLC» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Амиртаев және өзге де жауапты мамандар құрылыс барысы жөнінде ақпарат беріп, өңір әкімдігіне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, аталған жобаның уақыт капсуласы өткен жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Сол уақыттан бері жер жұмыстары толық аяқталып, кеңсе, жатын орын және қойма ғимараттары салынды. Қазіргі кезеңде негізгі энергетикалық қондырғыларды орнату жұмыстары басталды.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс кезеңінде 500-ге жуық жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.
Станция іске қосылғаннан кейін жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл өңірдің энергетикалық балансының тұрақтылығын арттырып қана қоймай, Қазақстанның «жасыл» энергетикадағы үлесін ұлғайтуға ықпал етеді.
Жауаптылардың айтуынша, күн электр станциясы 2027 жылы толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Түркістан облысында мұндай ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр. Соңғы жылдары аймақта өнеркәсіп, энергетика және инфрақұрылым салаларына бағытталған инвестиция көлемі артып, жаңа өндірістік нысандардың саны көбейіп келеді.
Жаңа жобалар жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, инженерлік-техникалық мамандардың тәжірибесін арттыруға және шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер етуде. Сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып, халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар саны кеңеюде.
Бұл үрдіс Түркістан облысын тек аграрлық аймақ ретінде ғана емес, сонымен қатар заманауи индустриялық және «жасыл» энергетика орталығы ретінде дамытуға мүмкіндік беріп отыр.






