ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ» САЛТАНАТЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Еліміздің барлық білім беру ұйымдарында соңғы қоңырау сыңғыры естіліп, мектеп бітіруші түлектердің үлкен өмірге қадам басуына арналған салтанатты шаралар өтті. Түркістан облысында да дәстүрлі мереке «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында ұйымдастырылып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы тәрбие сағаттары өткізілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы №28 мектепте өткен мерекелік іс-шараға қатысып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
Салтанатты жиында ол білім саласында табанды еңбек етіп жүрген педагогтерге алғыс айтып, мектеп бітіруші түлектерге жүрекжарды тілегін жеткізді.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары үздік түлектер мен дарынды оқушыларға білім берген озат ұстаздарға құрмет көрсетті.
Бүгінде аталған мектепте 1761 оқушы білім алады. Білім ордасында 200-ге жуық педагог еңбек етеді. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Биыл 11-сыныпты 65 түлек тәмамдап отыр. Олардың ішінде 4 оқушы «Алтын белгіге», 8 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Шара барысында түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеппен қимай қоштасты. Ұстаздар қауымы да шәкірттеріне ақ жол тілеп, жарқын болашаққа сенім білдірді.
Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында Түркістан облысында 35 294 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Оның ішінде 2 416 түлек «Алтын белгіге», 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 31 535 оқушы өтінім берген.
Өңірдің білім саласындағы жетістіктері биыл да жоғары нәтижелермен жалғасты. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада Түркістан облысының командасы тұңғыш рет Бас жүлдені иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына қол жеткізді.
Халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының облыстық кезеңіне 5 980 оқушы қатысып, оның 2 691-і жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңге 330 оқушы жолдама алып, нәтижесінде 169 оқушы жеңімпаз атанды. Халықаралық олимпиадаларға қатысқан 21 оқушының 14-і жүлделі орындарды иеленді.
Сонымен қатар Түркістан облысының оқушылары робототехника бағытында да халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті. АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында Төлеби ауданының «TOLEBI DARYN» командасы FIRST LEGO League Challenge санаты бойынша әлемнің үздік 5 командасының қатарына еніп, жүлделі II орынды жеңіп алды.
Ал Қазығұрт ауданының Qazygurt командасы Грекияның Коринф қаласында өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында II орын иеленді. Байқауға 56 елден жас инженерлер қатысып, қазақстандық оқушылар АҚШ, Жапония, Германия, Қытай, Испания және Түркия командаларымен бақ сынады.
Бұл жетістіктер – Түркістан облысында білім сапасын арттыру, дарынды оқушыларды қолдау және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі.
Айта кетейік, өңірде ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау, жоғары оқу орындарының әлеуетін арттыру және ғылыми кооперацияны күшейту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.






