ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ ЕСТІЛДІ: 35 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК ҮЛКЕН ӨМІРГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында мектеп бітіруші түлектерге арналған дәстүрлі «Соңғы қоңырау» салтанатты шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биылғы мерекелік жиындар «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өтіп, білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы тәрбие сағаттары өткізілді. Сонымен қатар оқушыларға қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп талаптары жан-жақты түсіндірілді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектепте өткен салтанатты шараға қатысып, ұстаздар қауымы мен түлектерді оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Өңір басшысы өз сөзінде білімнің ел болашағындағы маңызына тоқталып, жас түлектерге үлкен сенім артылатынын жеткізді.
–Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен және «Соңғы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін – балалық шақтың алтын дәуренімен қимай қоштасып, үлкен өмірге алғашқы сенімді қадам жасайтын сәт. Бұл күн – жүректе мәңгі сақталатын естелік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білімді ұрпақ – еліміздің басты байлығы, мемлекетіміздің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігінің негізі», деп атап өткен болатын. Шынында да, білім – жай ғана мамандыққа апарар жол емес. Білім – адамды биікке көтеретін күш. Қазіргі заман – білім мен бәсекенің заманы. Әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, жаңа технология, ғылым мен инновация дамыған дәуірде табысты ел болудың бір ғана жолы бар. Ол – сапалы білім, еңбекқор ұрпақ және озық ойлы жастар. Сондықтан сендерге артылар сенім де, жауапкершілік те үлкен. Біз сендердің білімді, рухы мықты, туған жерін сүйетін, ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасуларыңа сенеміз. Биыл облыс бойынша 35 мыңнан астам түлек мектепті аяқтап, үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Олардың арасында «Алтын белгіге» үміткер 2416 оқушы, «Үздік аттестатқа» үміткер 3141 түлек бар. Бұл – шәкірттердің талабы мен табандылығының, ұстаздардың өлшеусіз еңбегінің жемісі. Сендер – Тәуелсіз Қазақстанның ең еркін, ең ақылды, ең батыл буынысыңдар. Осыдан бірер күн бұрын ғана Түркістанда өткен түркі мемлекет басшыларының тарихи Саммитінде біз қаламызды Түркі әлемінің рухани орталығы ретінде паш еттік. Енді сол ұлы тарихты алға сүйрейтін де, Түркістанды заманауи мегаполиске айналдыратын да – сендерсіңдер! Ешқашан армандаудан қорықпаңдар! Бүгінгі әлем – IT, жасанды интеллект, стартаптар мен жаһандық инновациялар заманы. Диплом алу – мақсат емес, білімді өмірде қолдана білу, креативті болу – басты тренд. Өздеріңе сеніңдер, бойларыңдағы жастық жалынды еліміздің, туған жеріміздің дамуына бағыттаңдар. Нағыз патриотизм – сөзде емес, білім мен еңбекте. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз бен төзімділіктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Түлектерімізге жарқын болашақ тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі ұстаздарға өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі қажырлы еңбектері үшін алғыс айтып, түлектерге жарқын болашақ тіледі.
Биыл Түркістан облысында 1 106 мектепте 554 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады. Бұл – республикадағы жалпы оқушылар санының 14,2 пайызын құрайды. Оның ішінде 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдап отыр. 2 416 түлек «Алтын белгіге», 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 31 535 оқушы өтінім берген.
2025-2026 оқу жылы Түркістан облысының білім саласы үшін нәтижелі жыл болды. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада облыс командасы тұңғыш рет Бас жүлдені жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды.
Халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларына өңірден 5 980 оқушы қатысып, олардың 2 691-і жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңге 330 оқушы жолдама алып, нәтижесінде 169 оқушы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар халықаралық олимпиадаларға қатысқан 21 оқушының 14-і жүлдемен оралды.
Робототехника бағытында да түркістандық оқушылар жоғары нәтижелер көрсетті. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында Төлеби ауданындағы мамандандырылған мектеп-интернатының «TOLEBI DARYN» командасы FIRST LEGO League Challenge санатында әлемнің үздік 5 командасының қатарына еніп, Champions Award финалисті атанып, II орынды иеленді. Сондай-ақ Қазығұрт ауданының Qazygurt командасы Грекияда өткен халықаралық робототехника чемпионатында II орын алды.
Өңірде білім сапасын арттыру, дарынды оқушыларды қолдау және заманауи білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында облыста 20 білім беру ұйымы пайдалануға берілсе, оның 16-сы «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған.






