Арыста оқу жылы қорытындыланып, түлектерге ақ жол тілінді

Арыс қаласындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылы аяқталып, «Білімім – Отаныма!» ұранымен салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Ашық аспан астында, мектеп аулаларында өткен мерекелік жиындарға ұстаздар, ата-аналар, түлектер мен ардагер педагогтер қатысты.
Осы орайда Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев С.Адамбеков атындағы жалпы білім беретін мектепке арнайы барып, мектеп бітіруші түлектерді жаңа өмір белесімен құттықтады. Қала басшысы өз сөзінде білім мен тәрбиенің адам өміріндегі маңызына тоқталып, жас буынға алдағы өмір жолында сәттілік тіледі.
Әкім шәкірттердің ұстаздар мен ата-аналардың сенімін ақтап, ел болашағына қызмет ететін білімді әрі отаншыл азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, осы мектептен 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектердің туған жерге тағзым ретінде сәулеті келіскен еңселі арка орнатып берген игі ісін ерекше атап өтіп, олардың елжандылыққа негізделген бастамасына ризашылығын жеткізді.
Салтанатты жиында қалалық білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков те сөз сөйлеп, түлектерге ақжарма тілегін арнады. Ол жастарға жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіріп, елдің өркендеуіне үлес қосатын білікті маман атануларына тілектестігін білдірді.
Іс-шара барысында оқу озаттары мен түрлі жетістіктерге жеткен оқушылар, сондай-ақ білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздар құрметке бөленіп, Арыс қаласы әкімінің Алғыс хаттары және Грамоталарымен марапатталды.
Жиын аясында бітіруші түлектер қоштасу вальсін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Оқушылардың бір легі жазғы демалысқа шықса, мектеп бітіруші жастар алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.
Сонымен қатар өңірде білім беру сапасын арттырумен қатар ғылым мен жоғары білімді дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында ілгерілету, жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдау шаралары кезең-кезеңімен қолға алынған.
Аймақта жоғары оқу орындарын дамыту, білім беру сапасын көтеру және ғылым саласында университеттер арасындағы кооперацияны нығайтуға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бастамалар жас буынның білімге деген қызығушылығын арттырып, өңірдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтуге ықпал етуде.






