Түркістан облысында инвестициялық жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылуда

Еліміз бойынша жаңадан ашылатын жұмыс орындарының 14,5 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Бұл – республика көлеміндегі ең жоғары көрсеткіш. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында облыста 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштер Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды қадам.
2025 жылдың 7 айында 74 630 азамат жұмыспен қамтылып, оның 36 415-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл – белгіленген меженің 97 пайызы.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты нәтижелі еңбекпен қамту бағытында атқарылып жатқан шаралар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Мәжіліс барысында өңір басшысы салалық басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жұмыс орындары 4 негізгі бағыт бойынша құрылады. Атап айтқанда, Ұлттық жобалар мен жеке инвестициялар арқылы 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Мемелкет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 22 595 жұмыс орны, субсидияланатын жұмыс орындары – 46 086, еңбек нарығындағы бос орындар – 57 221 адам жұмыспен қамтылады. 7 айдың қорытындысы бойынша 74 630 азамат жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндады.
Бүгінгі таңда өңірде 375 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 2 738 жаңа жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен де тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Қазіргі таңда 125 инвестициялық жобаның 100-ге жуығы іске қосылып, нәтижесінде 1 398 азамат жұмыспен қамтылды. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылым және туризм салаларын қамтиды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров:
«Өңірлік жұмыспен қамту картасы – бұл тек уақытша шара емес, ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты құралы. Әрбір жұмыс орны – бір отбасының әл-ауқаты, бір жастың болашағы. Сондықтан жұмыспен қамту – менің жеке бақылауымда. Барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары осы бағыттағы жұмыстарды нәтижелі әрі сапалы атқаруы қажет. Жүйелі жұмысты күшейтіп, инвестициялық жобаларды арттыруды тапсырамын», – деді.
Карта аясында жеке кәсіпкерлік субъектілері арқылы 22 595 жұмыс орнын құру көзделсе, қазіргі таңда оның 8 320-сы іске асқан. Белсенділік танытқан аудандар – Отырар, Ордабасы, Арыс және Төлеби. Сондай-ақ жыл басынан бері 59 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 2 258 азамат жаңа жұмысқа орналасты.