ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАСТАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК МӘДЕНИ-ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

0
38

Түлкібас ауданында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты республикалық жастар шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды. Аталған жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – жастарды қолдау, шығармашылық индустрияны дамыту және ішкі туризмді ілгерілету мақсатында ұйымдастырылды.

 «Шынар бастау» мәдени-рухани демалыс кешенінде марапаттау рәсімі  өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық БАҚ өкілдері, ғалымдар мен аудан тұрғындары қатысты.

Бүгінде Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа моделін қалыптастыру бағытында мәдени-рухани және шығармашылық жобаларды қолдау, жастардың бастамаларын дамыту және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мұндай жобалар тек мәдени әсер беріп қана қоймай, өңір экономикасына қосымша серпін беріп, қызмет көрсету саласының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Алғаш рет ұйымдастырылған байқау Түлкібас өңірінің табиғи сұлулығын, тарихи-мәдени мұрасын, ана тақырыбын және елге танымал тұлғалардың өнегелі өмір жолын кеңінен насихаттауға бағытталды.

Байқаудың бас демеушісі – Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының президенті, саясаттану ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай. Идея авторы – белгілі медиа және коммуникация маманы, қоғам қайраткері Жандар Асан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – Түлкібас өңірінің тарихи-мәдени болмысын таныту, туристік әлеуетін арттыру және жастардың шығармашылық белсенділігін күшейту. Бұл бағыт өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, мәдени туризмнің дамуына да ықпал етеді.

Байқауға 90-ға жуық шығарма келіп түсті. Қатысушылардың еңбектері өңірдің тарихы, даму кезеңдері, туристік орындары, «Шынар бастау» кешенінің ерекшелігі, отбасылық құндылықтар мен тарихи тұлғалардың тағылымын қамтыды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Асанбай Асқаров атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Ақнұр Құралбекке бұйырды. Бірінші орынды «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Аяжан Мәмет иеленді. Екінші орын Гүлсая Рүстем мен Сандуғаш Аяғановаға берілсе, үшінші орынды бірнеше жас қаламгер мен студенттер бөлісті.

Жеңімпаздар Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры тағайындаған арнайы сыйақылармен марапатталды. Үздік шығармалар республикалық және өңірлік БАҚ-та жарияланып, арнайы жинаққа енгізілмек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп, өңірдің мәдени-шығармашылық және туристік әлеуетін дамытуға тұрақты үлес қоспақ.

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу