ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ МЕН ЦИФРЛЫҚ МӘДЕНИ ЖОБАЛАРДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРУДЕ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров италиялық «Magister Art» компаниясының президенті Ренато Сапоритомен кездесті. Басқосу барысында өңірде креативті индустрияны дамыту, мәдени-туристік саланы жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері сараланды.
Бүгінде Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру, туризмді дамыту және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру бағыттарын қатар жүргізіп келеді. Әсіресе, мәдени және креативті экономика саласын дамыту өңірдің жаңа драйверлерінің бірі ретінде қарастырылуда. Бұл бағыт жаңа жұмыс орындарын ашуға, қызмет көрсету саласын кеңейтуге және өңірдің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Облыс әкімі Түркістанның тарихи-мәдени әлеуетін тиімді пайдалану, туризм ағынын арттыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып отырғанын атап өтті.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Өңірімізде инвестиция тарту, өндіріс пен қызмет көрсету салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар туризм, мәдениет және руханият бағыттары да стратегиялық басымдықтардың қатарында. Жаңа сәулеттік, мәдени және цифрлық жобалар бойынша ұсыныстарды талқылауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Ренато Сапорито Түркістанның қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, халықаралық ынтымақтастық орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында Түркістан облысында мәдени-туристік жобаларды іске асыру, тарихи нысандарды цифрландыру, халықаралық көрмелер ұйымдастыру және креативті индустрияны дамыту мәселелері қаралды. Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, туристік тартымдылықты арттыруға және жаңа инвестициялық бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қос тарап алдағы уақытта өзара әріптестікті нығайтып, бірлескен жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға уағдаласты.
Айта кетейік, «Magister Art» – цифрлық технологиялар мен креативті шешімдерге негізделген халықаралық компания. Ол мәдени мұраны заманауи форматта насихаттау, медиа және дизайн, архитектуралық жобалар, IT-шешімдер мен коммуникациялық стратегиялар бағытында кешенді жобаларды жүзеге асырады. Компанияның бұл тәжірибесі Түркістан өңірінің мәдени-экономикалық дамуына жаңа серпін беруге ықпал етуі мүмкін.






