ОТЫРАР АУДАНЫНДА БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ САЛАСЫ КЕШЕНДІ ДАМУДА

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұстаным бүгінгі білім беру жүйесінің негізгі бағытын айқындайды. Осы тұрғыда Түркістан облысында ғылымды дамыту, отандық ғалымдардың жетістіктерін насихаттау, жас зерттеушілерді қолдау, жоғары білім беру жүйесін жетілдіру және жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми кооперацияны нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар білім мен ғылымның өзара байланысын күшейтіп, өңірдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға жол ашуда.
Ғылыми-зерттеу қызметін дамыту арқылы университеттер мен өндіріс орындары арасындағы әріптестік кеңейіп, жаңа идеялар мен инновациялық жобаларды енгізуге мүмкіндік туындап отыр. Жоғары оқу орындары арасындағы бірлескен жобалар тәжірибе алмасуды күшейтіп, білім сапасын арттыруға және ғылыми орта қалыптастыруға ықпал етуде.
Осы ауқымды үдерістер Отырар ауданындағы білім беру жүйесімен сабақтасып, өңірде білім, ғылым және тәрбие бірлігін қамтамасыз етуде.
Қасиетті Отырар өңірі – Әбу Насыр әл-Фараби туған киелі мекен. Бүгінде бұл өлке тарихи-рухани мұрамен қатар, заманауи білім беру жүйесін қалыптастырып отырған маңызды аймаққа айналған. Ауданда білім беру ұйымдары жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мақсат етіп отыр.
Отырар ауданында 40 жалпы орта мектеп пен 1 жекеменшік мектеп, сондай-ақ 32 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Білім беру мекемелері балалар мен жасөспірімдерді толық қамтып, қолжетімді әрі сапалы білім беруді қамтамасыз етуде.
Педагогикалық құрамның кәсіби деңгейі де тұрақты өсуде. Ауданда 2069 педагог қызмет атқарса, 2025–2026 оқу жылында олардың жалпы саны 2297-ге жеткен. Мұғалімдердің біліктілік санаты да жоғары деңгейде қалыптасқан: «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы», «педагог-модератор» үлесі 78,5 пайызды құрайды. Бұл білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.
Мектепке дейінгі тәрбие жүйесі де кеңейіп келеді. 32 ұйымдағы 2701 бала балабақша қамтуында. Оның ішінде мемлекеттік, жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтар жұмыс істеп, ерте жастан білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында оқушыларға адамгершілік, жауапкершілік, отансүйгіштік және құқықтық мәдениет бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар интернет қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу және рухани тәрбие мәселелері тұрақты назарда.
Аудан мектептерінде цифрлық жүйелер толық енгізілген. Қабылдау, кезекке қою, педагогтерді аттестаттау процестері автоматтандырылып, ашықтық пен тиімділік қамтамасыз етілген.
Білім беру саласындағы жетістіктер ғылыммен де тығыз байланысты. Отырар жерінде жүзеге асып жатқан ғылыми жобалар мен өңірлік бастамалар оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытып, білімді терең меңгеруге ықпал етуде. Түркістан облысындағы ғылымды дамытуға бағытталған бастамалар аудан мектептеріндегі оқу үдерісімен ұштасып, жаңа буынның ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыруда.
Осылайша, Отырар ауданының білім беру жүйесі білім, ғылым және тәрбиені бір арнаға тоғыстырып, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасап отыр. Қасиетті өлкенің бүгінгі жетістіктері – ұстаздар еңбегі мен жүйелі мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.






