ТҮРКІСТАНДА «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістан қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, корпорация қызметкерлері мен сала ардагерлерін мерейтоймен құттықтады.
📌– Сіздерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – мемлекеттік басқару мәдениетін түбегейлі өзгерткен үлкен реформаның мерекесі. 2005 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «бір терезе» қағидаты енгізіліп, мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматы іске қосылды. Бүгінде 20 жылдық тәжірибесі бар мекеме халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналды. Түркістан облысы – еліміздегі ең халқы көп өңір. Сіздер осы үлкен өңірге сапалы қызмет көрсетіп, азаматтардың сенімін ақтап келесіздер. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Мерейтойда барлық қызметкерлер мен сала ардагерлеріне алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, цифрлық процестерді жеделдету бағытындағы жұмыстарды бірге жалғастыра береміз. Түркістан облысының әкімдігі бұл саланы дамытуға әрдайым қолдау көрсетеді. Сенім бар жерде нәтиже бар. Баршаңызды мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
▪️Жиында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Басымбек те сала үздіктерін марапаттады. Корпорацияның облыстық филиалының үздік қызметкерлері марапатталып, ұйымның 20 жылдағы даму кезеңі мен қазіргі жетістіктері атап өтілді. Сонымен бірге концерттік бағдарлама ұсынылып, сала мамандарына құрмет көрсетілді.
▪️«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2005 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «бір терезе» қағидатын енгізу нәтижесінде құрылған болатын. Содан бері халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматын қалыптастырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы тиімді байланыстырушы институтқа айналды.
▪️Түркістан облысы – халқы ең көп өңірлердің бірі. Бүгінде облыста арнайы қызмет көрсетуге арналған 59 ғимарат, 26 фронт-офис және 52 бэк-офис жұмыс істейді. Филиалдың қызметкерлер саны – 1195, оның ішінде халыққа қызмет көрсету бағытында 533 маман еңбек етеді.
▪️2025 жылдың 11 айында Түркістан облысында жалпы 928 158 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде электрондық түрде 2536, дәстүрлі форматта 925 622 қызмет ұсынылды. «Сonnection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы азаматтар 1 037 939 қызметті өз бетінше рәсімдеді.
▪️Түркістан қаласының №1 бөлімінде есепті кезеңде 73 146 қызмет көрсетілді, №2 бөлімде 56 828 қызмет ұсынылды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 59 696 қызмет көрсетіліп, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және нөмірлік белгілерді рәсімдеу бағыттарында өсім байқалды.






