ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫНЫҢ САНЫ 200-ДЕН АСТЫ

0
40

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен өткізген мәжілісінде жетекшілік ететін салаларының басшыларымен бірге орындаушылық тәртіпті талдап, тапсырмалардың көрсеткішін таразылады.

Түркістан облысында 9 ауданда қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон орындарын оңтайландыру үшін тиісті құжаттары рәсімделуі қажет. 13 ауданда су қорғау аймақтары мен белдеулерін Су кодексі талаптарына сәйкестендіру жұмысы жалғасады. Барлық ауданда елді мекендердегі ағаштардың есебі алынып,  жыл соңына дейін геопорталға енгізіліп аяқталуы тиіс. Сонымен қатар аудандар дендрологиялық жоспардың орындалуы үшін статистикалық органдарға шаруашылықтардың балық өсіру есебін толық өткізуді қамтамасыз етуі керек.   

2025 жылы балық өсірумен айналысатын 16 шаруашылық ашылып, осы бағыттағы

жалпы шаруашылық саны 209-ға жеткен.

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне  сәйкес, бүгінге дейін өңірде өсірілген балық көлемі 7 мың тоннадан асқан. Дегенмен, көрсеткіш нақты болуы үшін, аудан-қалаларда есеп дұрыс тапсырылғаны жөн екені түсіндірілді.

Облыс әкімінің орынбасары 2026 жылы облыс аумағында салынатын ветеринариялық нысандардың жерін белгілеу, құжаттарын рәсімдеу ісін жеделдетуді ескертті. Нысанның құрылысына қажеттілік жоқ деп танылған жағдайда, аудан-қалалардың жауаптыларына жыл соңына дейін хат жолдап, бас тарту шешімін негіздеуді жүктеді.

Келесі жылы су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша жоспар түзілді. Жетісай және Мақтаарал аудандарында келесі жылы тамшылатып суғару желісінің 2 өндірісі іске қосылады деп күтілуде. Мәжіліс барысында технологияны ендіру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар сараланып, жерді тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді қаржыландыру мәселесі қаралды.

Сондай-ақ келесі жылға жоспарланған 49 инвестициялық жобаны мерзімінен кешіктірмей іске қосу бойынша атқарылатын жұмыстардың орындалуы қатаң бақыланатыны, тоқсан сайын есеп алынатыны ескертілді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу