Жетісайда бір күнде 13 мың көшет отырғызылды

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш бастаған мемлекеттік қызметшілер мен Медет Алмасбекұлының жетекшілігімен аудандық мәслихат депутаттары да сенбілік жұмыстарына атсалысып, көгалдандыру ісіне үлестерін қосты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық іс-шарасы аясында өткен жылы ауданда 35 сенбілік өткізілсе, биыл 1186 шақырым жол бойлары мен 1285 дана белгіленбеген қоқыс орындарын жоюды, 24 286 дана ағаштар мен 34 705 шаршы метр көппәтерлі тұрғын үй қасбеттерін, 31 дана аялдаманы әктеп-сырлауды, 71 шақырым аяқжолдар мен 26 га саябақтарды, 6 га скверлерді, 125 056 шаршы метр үйіргелік жерлерді, 242 шақырым каналдар мен арық-атыздарды, 170 дана көппәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелері мен 28 дана спорт алаңшаларын, 30 шақырым ирригация жүйелерін тазалау, 14 дана балалардың ойын алаңшаларын ретке келтіру жоспарланып отыр.
Өткен жылы аудан тұрғындары жиі баратын демалыс орындары мен скверлерге, парктер мен аллеяларға 23 мың түп туя, сән ағаштары, сирень, шынар, қарағаш, қарағай, каштан мен бадам секілді көшеттер отырғызылса, биылғы жылдың көктем мезгіліне облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан 23 300 түп «Жетісай қызмет» мекемесіне жеткізілсе, жергілікті бюджет есебінен тағы 1000 түп көшет алынған.
Айта кетейік, бүгінгі 3 мыңға жуық тұрғын мен 15 техника жұмылдырылған шарада елді мекен ішілік жолдардың бойы тазартылып, жасыл желеңге айналдыру мақсатында 13 мың түп түрлі декоративті ағаштардың көшеттері отырғызылды. Әрбір көшетті күтіп-баптау жұмыстары тұрғындарға түсіндіріліп, мамандар табиғатты аялауға шақырды.