Түркістанда жастарға арналған құқықтық форум өтті

Түркістан облысының орталығында «Құқықтық мәдениет – жарқын болашақ кепілі» атты жастар форумы өтті. Шараның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, рухани құндылықтарды дәріптеу, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылау және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру.
Жастар форумның ашылуында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы сөз сөйлеп, құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жастардың құқықтық сауаттылығы – елдің тұрақты дамуы мен болашағына негіз болады.
Жастардың құқықтық сауатын арттыру, рухани және тұлғалық дамуын қолдау мақсатында өткен маңызды кездесуге қалалық прокуратура, полиция басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала басшылығы мен белсенді жастар қатысты.
Кездесу еркін форматта өтіп, сала мамандары жастармен ашық пікір алмасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. ҚМДБ өкілі Нұрлан Асанов жастарға рухани тәрбие, адамгершілік құндылықтар және имандылықтың маңызы жайлы ой өрбітті. Ал психолог Салтанат Сайлауқызы жастардың тұлғалық дамуы, өзін-өзі тану және құқықтық мәдениеттің мінез-құлыққа әсері жөнінде мазмұнды әңгіме жүргізді.
IT маманы Ғасыр Қаралбайұлы ақпараттық қауіпсіздік, кибермәдениет және интернеттегі жауапкершілік тақырыптарын қозғап, заманауи технологияларды тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға қатысты кеңестер ұсынды.
Шара соңында жастарға құқықтық және рухани мәдениетті дамыту, ақпараттық сауаттылықты арттыру, жеке қауіпсіздікті сақтау бойынша нақты ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік ұғымдарының маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Іс-шара жастар мен билік өкілдері арасындағы диалогты нығайтып, олардың саналы әрі сауатты азамат болып қалыптасуына жол ашты. Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады. Заңды сақтау – әділеттіліктің, теңдік пен тәртіптің кепілі.






