Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген

0
69

Түркістан облысы бүгінде әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша алдыңғы қатарда. Бизнесті қолдау – жаңа жұмыс орындарын ашу, өңір экономикасын әртараптандыру және тұрғындардың табысын арттыру жолындағы маңызды бағыт. Осы бағытты облыста 216 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада алғашқы үштікке кіреді. Кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан нақты қолдаулар – аймақта бизнеске деген сенімді арттыра түсті.

2024 жылдың өзінде облыс кәсіпкерлеріне 699 жоба бойынша 60,3 млрд теңге жеңілдетілген несие берілсе, тағы 701 жобаға 60,6 млрд теңгеге кепілдік ұсынылған. Ал 2025 жылдың 7 айының ішінде 181 жоба 22,8 млрд теңгеге қаржыландырылған. Бұл бағытта жергілікті бюджеттен – 2,8 млрд теңге, республикалық бюджеттен – 13,86 млрд теңге бөлінген.

Кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы аясында облыс бойынша қазіргі таңда 14 жоба 8,5 млрд теңге көлемінде мақұлданды. Бағдарлама аясында өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Жыл соңына дейін бағдарламаға жалпы 750 млрд теңге бөлінбек, оның 300 млрд теңгесі – мемлекеттік бюджеттен, 450 млрд – екінші деңгейлі банктер арқылы ұсынылады.

Бүгінде Түркістан облысы бойынша жалпы 14 жоба 8,5 млрд теңге сомасында мақұлдаудан өтті. Бұл – бағдарламаның өңірде сәтті іске асып жатқанын көрсетеді.
Кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторлармен бірлескен бастамаларды қолдау бағытында тығыз әрі жүйелі жұмыстар жалғасады.

Қазіргі таңда Түркістан облысы шағын және орта бизнесті дамытуда жаңа серпін алуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеевтің кездесуі – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі. Кездесу барысында кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын тиімді іске асыру, бизнеске қолайлы жағдай жасау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы Түркістанның тек тарихи-мәдени орталық емес, сондай-ақ инвестиция мен кәсіпкерлік үшін де тартымды өңірге айналуы тиіс екенін атап өтті.

– Экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Мемлекет басшысы осы бағытты үнемі басты назарда ұстап келеді. Біздің мақсат – кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсету, Түркістанды бизнес жүргізуге қолайлы, сенімді ортаға айналдыру. Бұл жолда «Даму» қорының тәжірибесі мен қаржылық құралдары маңызды рөл атқарады, – деді өңір басшысы.

Кездесу барысында кәсіпкерлерді қаржыландыру жүйесін жеңілдету, процестерді цифрландыру, несиелеу шарттарын оңтайландыру және кәсіпкерлерге арналған бір терезе қағидатымен қызмет көрсету мәселелері қаралды.

Бұл бастамалар Түркістан облысында кәсіпкерлікке серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға оң әсер етуде.

Облыс әкімдігі тарапынан кәсіпкерлікті қолдау, бизнес бастамаларды субсидиялау және инвесторлармен өзара тиімді байланыс орнату бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Түркістан – енді тек тарихи орталық қана емес, сонымен қатар кәсіп ашуға ең қолайлы аймақтардың біріне айналуда.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу