Заң мен тәртіп: Құқықтық саясатты ілгерілету мақсатында ауқымды шаралар өтуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындаған болатын. Осы бағытта азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуін жеңілдету, олардың өтініштерін қарау рәсімдерін ашық әрі тиімді ету мақсатында e-Otinish ақпараттық жүйесі енгізілді.
Бүгінде аталған жоба аясында Түркістан облысы полиция департаменті де тұрғындарға жүйелі қызмет көрсетіп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері департаменттің құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне e-Otinish арқылы 12 мыңнан астам өтініш тіркелген. Бұл арыз-шағымдар дер кезінде қаралып, заңға сәйкес тиісті жауаптары берілген. Жалпы e-Otinish ақпараттық жүйесі жұмыстың барлық процестерін цифрландырып, мемлекеттік органдардың құзыреті бойынша өтініштердің бағытын автоматты түрде анықтайды.
Мемлекеттік органдар арасындағы сұраныс санын оңтайландыру есебінен өтініштерді қарау мерзімін қысқартады. Жүйені пайдаланушы тұрғынға өтінішті қараудың барлық кезеңдері, сатылары және мерзімдері туралы хабардар етіледі.
Облыста бұл бастама шеңберінде құқықтық саясатты іске асыру, ведомстволардың құқықтық қамтамасыз ету жұмыстары, халықтың құқықтық санасын, мәдениеті мен толеранттылығын қалыптастыру, заң жобалары мен шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қолға алынған.
Одан бөлек аудан-қалаларда заң жобалары аясында ауқымды шаралар өткізілуде. Мысалы, Кентау қаласында заң жобасы аясында полиция бөлімінің ұйымдастыруымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің алдын алуға бағытталған ауқымды шара өтті. Шараның мақсаты – жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Аталған шара асфальтқа сурет салудан және жасөспірімдер арасындағы спорттық эстафетадан басталды.
Шарада Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, прокуратура, полиция, медицина саласының қызметкерлері мен белсенділер де сөз сөйлеп, халықтың құқықтық санасын, мәдениеті мен толеранттылығын қалыптастыру мақсатында тоқталып, жастарды есірткіден аулақ болуға, спортпен шұғылдануға шақырды.
Сонымен қатар Түркістан облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері белсенді жастарды марапаттап, сурет байқауы мен спорттық сайысқа қатысқан жастарға диплом мен естелік сыйлықтар табыстады. Шара соңында өнер ұжымының қолдауымен дайындалған «Нашақорлық өмірді бұзады» тақырыбында театрландырылған көрініс көрсетіліп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.
«Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында Полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Түлкібас ауданының тұрғындарына құқықтық кеңес берді.
Құқықтың саясаттың іске асыру мақсатында департамент тарапынан бекітілген мобильді топ мамандары келушілерге отбасылық – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша заң талаптарын түсіндірді. 10-ға жуық азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен арыз-шағымдары қаралды.
Полиция майоры Жамиля Нұржігітованың айтуынша, Отбасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, оның нормаларын бұзғандарды қатаң бақылауға алу мемлекет үшін күн тәртібіндегі негізгі жұмыстардың бірі болып қала береді. Біздің міндетіміз – осы бағытта аянбай еңбек етіп, отбасындағы үйлесімді сақтап қалу!
Құқықтық сананы қалыптастыру мақсатында және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында аудан, қалаларда еңбек етіп жүрген, ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталды. Толығырақ тоқталатын болсақ, Төлеби ауданының тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп келе жатқан Ғ.Қуашбаев басқарған ұжым соңғы жылдары тұрғындардың сеніміне ие болып, нәтижелі жұмыс көрсеткішін көрсетіп келеді. Бұл жолы да бөлім басшысы ішкі істер органдарының ардагерлері мен үздік қызметкерлерді марапаттап, халықпен тығыз байланыстың маңызын атап өтті. Ол тұрғындардың қолдауы – полиция жұмысының басты тірегі екенін ерекше атап, барша қауымға алғыс айтты. Мерекелік кешке аудан активі, ардагерлер, зиялы қауым мен жергілікті тұрғындар қатысты. ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының оқытушысы полиция әнұранының авторы Айболат Маймақов арнайы келіп, Төлебидегі әріптестеріне жүрекжарды тілегін арнап, авторлық әндерін орындады.
Сондай-ақ мерекелік шарада аудандық мәслихат депутаты Ерболат Жабаев пен «AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров сала мамандарына жылы лебіздерін білдіріп, заң талаптарын қатаң сақтап, әділдікті ту етіп жүрген үздік қызметкерлерді марапаттады.
Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тауып, елімізге танымал өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.
Келес ауданында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Игі шарада аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев полиция саласында абыройлы қызмет етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге Алғыс хат табыстап, мерекелік ізгі лебізін білдірді. Сонымен қатар ерлікпен қаза тауып, жауынгерлік асқақ рухымен есте қалған полицейлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ал мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жандарын қиған батыр азаматтардың рухына тағзым ету және әркез еске алу барлығымыздың қасиетті міндетіміз екендігін тілге тиек етті.
Аудандық полиция бастығы Мұрат Әбілханұлы өз сөзінде: «Полиция қызметі – батылдық пен табандылықты, кәсіби шеберлік пен асқан жауапкершілікті талап ететін аса маңызды сала. Қиын сәттерде елдің тыныштығын күзетіп, халыққа қорған бола білдіңіздер. Сіздерге алғысым шексіз!» – деп жылы лебізін білдірді.
Сауран ауданында құқық қорғау саласына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен қылмыспен күресте үздік нәтижеге қол жеткізген жас мамандар салтанатты түрде марапатталды. Үздік 12 офицердің ата-анасына арнайы алғыс хат пен төсбелгі табысталды. Шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Сонымен қатар, «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен жастар үшін кинологиялық қызмет орталығына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында полицейлер қылмыстарды ашуға, есірткі мен тыйым салынған заттарды іздеуге, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесетін кинолог мамандарымен қызметтік иттердің жұмысын көрсетті. Сондай-ақ кинологтар көмекші иттердің түрлі командаларды қалай орындайтынын, жасырын заттарды сәтті табатынын әдіс-тәсілдерін көрді. Жиын – құқықтық саясатты ілгерілету, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және құқық қорғау қызметіне сенімді күшейту мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу соңында жастар ұйымдастырушыларға полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын, сондай-ақ тәртіп сақшыларының күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстыратын танымдық іс-шара үшін алғыстарын жеткізді.
«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету және салауатты өмір салтын насихаттау аясында Түркістан облысының Полиция департаментінде полиция қызметкерлері арасында үстел теннисінен спорттық турнир өтті.
Шараға департамент аппараты қызметінің 20-ға жуық қызметкері қатысып, өздерінің спорттық шеберлігі мен денешынықтыру дайындығын, сондай-ақ жоғары мораль мен жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша І орынды полиция капитаны Нұрболат Түктібаев жеңіп алса, ІІ орынды полиция капитаны Бақдәулет Мұхамеджан иеленді, ІІІ орын аға лейтенант Тоқтар Билжановқа бұйырды. Турнирге қатысқан барлық жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай шаралар салауатты өмір салтын насихаттап, полицейлер арасында денешынықтыру мен спортқа деген қызығушылықтарын арттыруда маңызды рөл атқарып қана қоймайды және жас мамандарды тәрбиелеуге өз үлесін қосады екен.
Сондай-ақ аудандарда жас полицейлер мен олардың ата-аналарының басын қосқан келелі кездесу өткізіліп тұрады. Мұндағы мақсат – ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, жас қызметкерлердің кәсіби және жеке дамуына қолдау көрсету.
Кездесу барысында жас мамандардың полиция қызметіндегі алғашқы қадамдары, қызмет барысындағы тәртіп пен жауапкершілік, сондай-ақ кәсіби бағдар мен тәлімгерлік үрдісі кеңінен талқыланды. Тәлімгерлер өз қамқорлығындағы жас әріптестерінің жұмысқа деген тиянақтылығы мен жауапкершілікке адалдығын атап өтті.
Ата-аналар өз тараптарынан балаларын тәртіп пен заңға баулығаны үшін аға буын тәлімгерлеріне алғыстарын білдіріп, осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылып тұруы маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар олар полиция саласында еңбек етіп жүрген ұл-қыздарының абыроймен қызмет атқаруына тілек білдірді.
Түркістан облысында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында қылмыстар ашылуда. Солардың бірі – Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шымкент – Самара тас жолында Land Rover автокөлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер тексеру кезінде көлік салонынан жолаушыға, яғни Жамбыл облысының тұрғынына тиесілі есірткіге ұқсас 30 ораманы тәркіледі. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 400 дозадан асатын синтетикалық есірткі болып шықты.
Мұндай шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.