Түркістан облысының экономикалық даму жоспары сараланды

Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары – өңір экономикасының сапалы өсуі мен тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық құжат. Бұл жоспар аясында 5 негізгі бағыт, 27 ұлттық индикатор, 18 нысаналы индикатор және 77 нәтижелі көрсеткіш белгіленген.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте аталған даму жоспарының орындалу барысы талқыланды. Кездесу барысында облыстың барлық салалық басқармалары мен департаменттері өздерінің атқарған жұмыстары мен жоспарланған міндеттері жайлы баяндама жасады.
Талғат Қозбеков бекітілген индикаторлардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды және алдағы жоспарларға нақты әрі тиімді шаралар ұсынуды тапсырды. Ол:
«Түркістан облысының даму жоспары – өңірдің болашағын айқындайтын құжат. Сондықтан әрбір сала нақты іс-әрекет пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Барлық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жыл соңына дейін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Орындалуы төмен көрсеткіштерге жол бермеу керек» – деді.
Жоспардың толық жүзеге асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосатыны айтылды. Қазіргі кезде әрбір салалық ведомство өз міндеттерін нақтылап, мемлекеттік саясатпен үйлесімді түрде жұмыс істеуде.
Бұл шара Түркістан облысының тұрақты әрі жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін атқарылатын кешенді жұмыстардың бірі болып табылады. Алдағы уақытта да өңір даму жоспарындағы мақсаттар мен міндеттерді сапалы орындау бақылауда болады.
Мәжілісте Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбек өңірдегі 2025 жылдың алғашқы 8 айындағы даму жоспарының орындалуы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, мониторинг нәтижесінде денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, туризм салалары, сондай-ақ Полиция және Төтенше жағдайлар департаменттерінде шешуді қажет ететін өзекті мәселелер анықталды.
Аталған мәселелерге мұқият талдау жүргізіліп, оларды жедел шешу үшін нақты тапсырмалар берілді. Бұл – облыс дамуындағы басты басымдықтар мен проблемаларды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау мақсатындағы маңызды қадам.
Сонымен қатар, Түркістан облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарын қалыптастыру жұмыстары да пысықталды. Жоспарға инвестициялық бағдарлама енгізіліп, ол нысаналы индикаторлардың декомпозициясын нақтылайтын құрал ретінде құрылды.
Инвестициялық жоспар өңірдің басым және проблемалық аймақтарын қамтитын арнайы картаға негізделген (SWOT-талдау). Бұл карта салалар бойынша күшті және әлсіз тұстарды, сондай-ақ қауіптер мен мүмкіндіктерді жан-жақты сараптап, оларды инвестициялық жобалар арқылы шешу жолдарын ұсынады.
Жиында қабылданған тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынады. Мұндай жүйелі тәсіл Түркістан облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыруға ықпал етеді.






