Түркістан облысында жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және есірткіге қарсы рейдтік шаралар жүргізілді

Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және есірткіге қарсы іс-қимыл бағытында бірқатар рейдтік шаралар өткізілді. Соның бірі – Кентау қаласында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Шараны Кентау қалалық полиция бөлімі қолға алды.
Құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы бұл жұмыстардың басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ.
Рейд барысында қала аумағындағы кафе, мейрамхана, дүкендер мен ойын-сауық орындары тексерілді. Жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені және басқа да тәртіп бұзу деректері анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ата-аналарға ескерту беріліп, заң аясында тиісті шаралар қолданылды.
Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Жасөспірімдердің тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қоғам болып жауапкершілікпен қарау – ортақ міндет.
Сонымен қатар Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен бірлесіп, жастардың есірткіге қарсы санасын бағалауға бағытталған әлеуметтік эксперимент өткізді.
Эксперимент барысында полиция қызметкері студенттерге есірткі сайттарын заңсыз жарнамалауға тарту сценариі арқылы қойылым көрсетті. Бұл шараның басты мақсаты – жастардың мұндай ұсыныстарға реакциясын бақылау, олардың құқықтық сауаттылығы мен қырағылық деңгейін анықтау болды.
Акция барысында жастарға есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын насихаттау мен заңсыз жарнамалаудың салдары, ҚР заңнамасы бойынша жауапкершілікке тартылатыны туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, құқыққа қайшы әрекеттерге ұрынудың зардаптары мен одан сақтану жолдары да айтылды.
Эксперимент қорытындысы жастардың басым бөлігінің мұндай заңсыз ұсыныстан дереу бас тартып, жағдайдың маңыздылығын түсінетінін көрсетті. Полицейлер бұл – жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптасуының және салауатты өмір салтын ұстануға деген оң көзқарастың дәлелі екенін атап өтті.
Шара барысында есірткі құралдары мен психотроптық заттарды насихаттаудың заң алдындағы жауапкершілігі түсіндіріліп, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ағартушылық жұмыстар жүргізілді.
Осындай іс-шаралар жас ұрпақты қылмыстық әрекеттерден қорғап, олардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалар қатарында.






