Ұлттық инженерлік академия Түркістан өңірімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті

0
113

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, жұмысын бастап кетті. Осы бағытта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, академик Бақытжан Жұмағұлов бастаған бір топ ғалымдармен кездесті.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымды интеграциялау, өндірістік жобаларға ғылыми шешімдер ұсыну, инженерлік зерттеулер нәтижелерін қолдану, инновациялық серіктестік орнату мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі өз сөзінде Түркістанның даму әлеуетіне тоқталып, бұл бағытта ғалымдармен бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті. Ол ғылыми қауымдастықты өңірдің инфрақұрылымын жетілдіруге, экологиялық тұрақтылықты арттыруға, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды енгізуге белсене қатысуға шақырды.

– Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясы – еліміздің инженерлік ғылымы мен тәжірибесін дамытуда маңызды рөл атқаратын беделді орталық. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ғылыми-өндірістік бағыттағы қызметтеріңіз өңірлік деңгейдегі даму стратегияларымен тығыз байланысты екеніне сенімдімін. Бүгінде Түркістан облысында жүйелі жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Өңір экономикасы тұрақты өсіп келеді. Басты мақсатымыз – халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, табысын арттыру. Осы бағытта жаңа инвестициялық жобаларды іске асырып, өндіріс орындарын дамытып, жұмыс орындарын ашып отырмыз. Түркістан облысы сіздердің тәжірибелеріңіз бен ғылыми бастамаларыңызға қолдау көрсетеді. Облыс аумағында техногендік минералдық түзілімдер сақталған қалдық қоймалары бар. Осы қалдықтарды зерттеу, кәдеге асыру бағытында бірлесе жұмыс істеуді ұсынамыз. Инженерлік академиямен өзара тиімді әріптестік орнатуға дайынбыз. Сіздермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыс аймағында кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Академия басшысы облыстың әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта түрлі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Сапар барысында Түркістан өңіріндегі өндірістік, инфрақұрылымдық және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы мүмкіндіктер қаралып, нақты ұсыныстар мен бастамалар талқыланды.

Ұлттық инженерлік академияның Оңтүстік өңір бойынша вице-президенті, Түркістан филиалының төрағасы Әлімжан Құртаев:
– Тек қана пайдалы қазбалар мен өндіріс саласы емес, ауыл шаруашылығында да жаңа технологияларды енгізу арқылы ауқымды жобаларды іске асыруға болады. Бұл бағытта Түркістанның әлеуеті зор, – деп атап өтті.

Сонымен қатар, делегация құрамындағы ғалымдар, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері өңірдің даму әлеуеті жөнінде өз пікірлерін білдіріп, ғылыми-техникалық әріптестікті нығайту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Бұл кездесу Түркістан облысы мен Ұлттық инженерлік академия арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын арттыруға негіз болмақ.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу