«Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы аясында Түркістан облысында құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді

Түркістан облысында «Бақытты отбасы – бақытты ел» республикалық акциясы жалғасуда. Іс-шара аясында Түркістан қалалық полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторлары мен Отбасын қолдау орталығының психолог мамандары бірлесіп, дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Жиынға Түркістан облысы Полиция департаментінің инспекторлары, психолог мамандар және орталық қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында «Зорлық-зомбылықтан қалай қорғануға болады?» тақырыбында арнайы тренинг жүргізіліп, қатысушыларға пайдалы кеңестер ұсынылды.
Нәтижесінде 25 әйелге құқықтық, 20 әйелге психологиялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ 400-ге жуық тұрғыннан онлайн сауалнама алынып, 550-ден астам ақпараттық үнпарақ таратылды.
Мұндай шаралар отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Одан бөлек, Сауран ауданында отбасылық құндылықтарды насихаттау, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында «Бақытты отбасы – бақытты ел» республикалық акциясы аясында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Шараға Сауран аудандық полиция бөлімінің басшы орынбасары Тимур Рүстемов, аудан прокуроры Серік Усеев, Отбасын қолдау орталығы мен аудандық білім бөлімінің жетекшілері, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Калекеев және мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында полиция майоры Алихан Алентаев жасөспірімдерге құқықтық мәдениеттің маңызы, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары туралы жан-жақты мәлімет берді. Өз кезегінде Отбасын қолдау орталығының басшысы Айжан Нұржаубайқызы – берік отбасының ел тұрақтылығы мен дамуына қосар үлесін атап өтті.
Жиын әуезді әндермен, патриоттық рухтағы билермен әрленіп, мектеп оқушылары үшін танымдық ойындар ұйымдастырылды. Бұл жастардың көкжиегін кеңейтіп, отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын тереңдетуге ықпал етті.
Осындай іс-шаралар ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.






