Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 117,7 пайызды құрады

0
56

Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толуы – еліміз үшін үлкен тарихи белес. Осы 30 жыл ішінде осы құжат тәуелсіз мемлекетіміздің саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуының басты кепіліне айналды. Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің үлгісіне айналып, халықаралық аренада беделі артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Әділетті Қазақстан» бағытында жүйелі реформалар жүргізілуде. Еліміздің тұрақты дамуының, бейбіт өмірдің, қоғамдық келісім мен ішкі бірліктің басты шарты – «Заң және тәртіп». Қазігі таң Түркістан облысында құқық қорғау органдары мен жергілікті билік органдарының өзара бірлескен іс-қимылының арқасында қоғамдық тәртіп нығайып, қылмыс деңгейі азайып келеді. Сонымен қатар, береке, бірлігі жарасқан Түркістан облысының  әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды жүріп жатыр. Соның нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық өсім 117,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республикада көшбасшылар қатарында. Өнеркәсіп өнім көлемі осы жылдың 7 айында 852 миллиард теңгеге жетіп өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,3%-ға артты. Облыс экономикасының негізгі саласы болып саналатын ауыл шаруашылығында өнім көлемі 346 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,9% деңгейінде қалыптасты.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 695 миллиард теңге құрап, 33,8%-ға өсті (ҚР – 116,1%). Оның ішінде 72%-дан астамын жеке инвестиция құрайды. Облыста 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,5 триллион теңгеге 23 766 жұмыс орнын құрумен 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.

Биыл жалпы құны 335 миллиард теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 8 163 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бүгінде  124 млрд. теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 457 жұмыс орны құрылды. Іске асқан жобалардың ішінде терең өңдеу бағытындағы ірі инвестициялық жобаларды атап өтсек,   Ордабасы ауданындағы «Central Asia Aluminium» ЖШС алюминий бұйымдарын өндіру зауыты.  Инвестиция құны – 8 миллиард теңгені құрайтын 150 жұмыс орны ашылды. Ал  Ордабасы ауданындағы «Altyn Land» ЖШС автоматтандырылған кірпіш зауыты. Жобаның құны  – 2,3 миллиард  теңге, жаңа жұмыс орнының саны – 55.  Созақ ауданындағы «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» БК ЖШС табиғи уранды өңдеу кешені іске қосты.  Жобаның құны – 33,5 миллиард  теңгені құрайды. 285 жаңа жұмыс орны ашылды.

Аталған жобалар облыстың өнеркәсіп саласының дамуына және өндірілген өнім көлемінің артуына септігін тигізетін болады. Биыл іске асырылуы жоспарланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Түркістан – тек еліміздің рухани астанасы ғана емес, сонымен қатар геосаяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аса маңызды өңір. Осыған орай, Түркістанға Мемлекет басшысының тапсырмасымен ерекше мәртебе беру туралы арнайы Заң қабылданды. Қасиетті қаламызда, түрлі нысандар бой көтеріп, шын мәніндегі жаңа сәулетті шаhарға айналды. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы Экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге нақты ықпал етеді. Бұл жетістіктеріміз Ата Заңымыздың негізінде жүзеге асып отыр. Конституцияның 30 жылдығы – тек мереке ғана емес. Өткенге баға беріп, болашаққа бағдар жасайтын тарихи белес.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу