Түркістан облысында құқық бұзушылыққа қарсы күрес күшейтілуде

0
87

Түркістан облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта аймақ аумағында «Заң және тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Бұл шараның мақсаты – қылмыстың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау.

Аталған шара аясында Кентау қаласында 14 мобильді топтан құралған тәртіп сақшылары 983 үй мен қора-жайды аралап, азаматтық қаруы бар тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексерді. Тексеру барысында 350-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заң аясында шара қолданылды.

Жол ережесін бұзғандар да назардан тыс қалмады. 65 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін, 33 жүргізуші көлік жүргізу кезінде телефон қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар техникалық байқаудан өтпеген 30 көлік пен маневр жасау ережесін бұзған 28 жағдай тіркеліп, 36 көлік айыптұрағына қойылды.

Бұдан өзге, малды қараусыз жіберудің 8, абаттандыру ережелерін бұзудың 5 және тіркеусіз тұрудың 5 дерегі анықталды.

Түркістан облысында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. Тәртіп сақшылары тұрғындармен кездесіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе, интернет-алаяқтық, нашақорлық, жол ережесін бұзу секілді өзекті мәселелер назарға алынып, азаматтарға заңсыз әрекеттерден сақтану жолдары түсіндірілуде.

Кездесу барысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін сақтау маңыздылығына тоқталып, арнайы бейнероликтер мен QR-коды бар ақпараттық жадынамалар таратты. Бұл – тұрғындардың ескерту мен кеңесті кез келген уақытта қарап шығуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері әкімдік, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесе отырып, мектептер мен колледждерде оқушылармен кездесулер өткізіп, құқықбұзушылықтың зияны туралы айтып беруде. Ата-аналар жиналыстарына қатысып, балаларына жауапкершілікпен қарауға шақыруда.

Мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Себебі, тәртіп пен қауіпсіздіктің негізі – алдын алу. Тәртіп сақшылары тұрғындарды заңға бағынуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады. Қоғамдық қауіпсіздік – бәрімізге ортақ жауапкершілік.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу