Түркістан облысында заманауи кірпіш зауыты ашылды

0
57

Түркістан облысында отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жергілікті өнім өндірушілердің әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды»деген тапсырмасына сәйкес, өңірде индустриалдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Солардың бірі – Ордабасы ауданы, Ықыластемір елді мекенінде іске қосылған автоматтандырылған «Altyn Land» кірпіш зауыты. Кәсіпорынның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров ұжымға сәттілік тілеп, бұл жобаның өңір экономикасына қосар үлесін ерекше атап өтті.

– Бұл – жай ғана өндіріс нысаны емес, бұл – біздің бірлескен еңбегіміздің, нақты стратегиялық жоспарларымыздың нәтижесі. Бүгінде біз қысқа мерзімде салынып, іске қосылған зауыттың нақты жемісін көріп отырмыз. Бұл – жергілікті атқарушы органның, инвесторлардың және барлық мүдделі тараптардың тиімді іс-қимылының нәтижесі. Өндіріс шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдері мен жергілікті бюджеттің нығаюына үлес қосады. Осы кәсіпорын облысымыздағы құрылыс саласының дамуына серпін беретін маңызды нысан болатынына сенімдімін. Осы бағыттағы жобаларға облыс әкімдігі тарапынан алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Зауыт ұжымына толағай табыс, үлкен жетістіктер тілеймін! – деді өңір басшысы.

«Altyn Land» ЖШС-на қарасты бұл кәсіпорын жеке кәсіпкердің 2,3 млрд теңге көлеміндегі қаражаты есебінен салынған. Құрылысы 2024 жылдың сәуірінде басталып, небәрі 4 айда – тамыз айында толық аяқталды. Жоба аясында 120 жаңа жұмыс орны ашылды. 3 гектар аумақта орналасқан зауыт жылына 90 млн дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда сынама өнім түрлері шығарылуда.

Зауытта Қытайдың соңғы үлгідегі инновациялық технологияларымен жабдықталған жылжымалы туннельді пеш жүйесі қолданылады. Өндіріс процесі толық автоматтандырылған, бұл өнім сапасын арттырып, өндіріс тиімділігін еселейді. Сонымен қатар, кірпіш күйдіру барысында газ отыны пайдаланылады, бұл — экологиялық тиімді шешім. Атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтар азайып, қоршаған ортаға түсетін әсер төмендейді

.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу