Сайрамда алғашқы көпфункционалды ойын-сауық кешені бой көтереді

Соңғы жылдары Түркістан облысында инвестициялық жобаларды тарту, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда Сайрам ауданында тұрғындардың сұранысына сәйкес заманауи көпфункционалды ойын-сауық кешенінің құрылысы басталады. Соңғы жылдары аудан тұрғындары тарапынан кинотеатр ашу және мәдени-демалыс инфрақұрылымын дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстар түскен болатын. Осыған байланысты аталған бастама аудан әкімдігі мен инвесторлардың бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылмақ. Бұл бастама да өңірдің қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін айқындай түседі.
Жобаны Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтің тапсырмасымен іске асыру қолға алынып, қажетті инвестициялар тартылды.
Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Төрт қабаттан тұратын заманауи кешеннің құрамында кинотеатр, балаларға арналған ойын аймақтары, фуд-корт және сауда нүктелері қарастырылған. Нысан Әйтеке би ауылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының маңында бой көтереді.
Аталған жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде қызмет көрсету және мәдени демалыс салаларының дамуына серпін беріп, ішкі туризм мен жастар инфрақұрылымын нығайтуға ықпал етпек.






